Абай облысында 2028 жылға дейін 24 инвестициялық жоба жүзеге асады. Құны 2 триллион теңгеден асатын бұл бастамалар 8 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде алты жоба биыл іске қосылады. Бұл туралы Мемлекет басшысының қабылдауында болған Абай облысының әкімі Берік Уәли мәлім етті.
Ол Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп беріп, алдағы жоспарын таныстырды. Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуі тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ Үкіметпен бірге өңірді қарқынды дамыту жолдарын қарастыруды тапсырды. Кездесу соңында Абайдың 180 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараларды лайықты деңгейде ұйымдастырудың маңызына назар аударды.