#qyzylordatv

Кітап ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына. Ел Президентінің Жарлығымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні ретінде белгіленді. Қызылордада айтулы күн кең көлемде аталып өтті. Ал аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жеке жинағындағы 700-ден астам тарихи-танымдық кітапты облыстық кітапханаға тарту етті.

 Кітап – ақылдың кені, рухтың шырағы. Аймақта алғаш рет ресми түрде аталып өткен «Ұлттық кітап күні» аясында облыс тұрғындары рухани мерекенің куәсі болды. Оқырмандарға кітапхана алаңында жаңа кітаптар көрмесі, «Жас ақындар» аллеясы, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы және Арт-территория – шығармашылық алаңы ұсынылды.

НҰРЛЫБЕК МЫҢЖАС - Ә.ТӘЖІБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ \\Биыл бірінші рет мереке ресми түрде тойланып жатыр. 16-шы сәуірден бастап, 23-ші сәуірге дейін осы апталыққа үлесімізді қостық. Жазушы-ақындарымыздың кітаптарының тұсау кесерін өткіздік, кітапхана түні, адам көп шоғырланатын жерлерге барып, аспан астындағы кітапхана шарасын ұйымдастырдық.

Бүгінде облыста 209 кітапхана болса, онда 5 миллионға жуық кітап қоры жинақталған. Аудандық кітапханалар жаңадан ашылған «Руханият орталықтарына» көшірілді. Бұрынғы қор бөлімдерінің сыйымдылығы 55 мың кітапқа арналса, жаңа ғимараттарда 200 мың кітап сақтауға мүмкіндік бар. Мереке қарсаңында аймақ басшысы жеке кітапхана қорынан 700-ден астам кітабын Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына сыйға тартты.

 ШАХМАРДАН БАЙМАНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ \\ Ұлттық кітап күнін белгілеу – халықымыздың асыл мұрасы кітапқа көрсетілген құрмет. Өздеріңіз білесіздер әлемде халықаралық деңгейде шыққан кітапқа арналған атаулы даталар белгіленген. Ал елімізде «Ұлттық кітап күнінің» қабылдануы – қоғам назарын кітап оқуға аударуға септігін тигізеді.

 Мереке аясында кітапсүйер оқырмандар марапатталды. «Үздік оқырман-2025» номинациясына Аманкүл Әзірбекова лайық деп танылды. Одан бөлек, «Ардагер оқырман», «Ең кішкентай оқырман», «Белсенді оқырман» секілді аталымдармен үздіктер анықталды. Мектеп жасындағы балаларымен бірге кітапхананың белсенді оқырмандарына айналған қызылордалық Дамир Оразалының отбасы да «Ең белсенді оқырман отбасы» номинациясымен құрмет төрінен көрінді.

 ДАМИР ОРАЗАЛЫ – ЕҢ БЕЛСЕНДІ ОҚЫРМАН ОТБАСЫ

 Біз отбасымызбен бірге осы кітапханаға келіп тұрамыз. Ертегі, жырлар оқимыз. Соның ішінде маған ұнайтыны «Болмаған балалық шақ». Онда ақын Ақбереннің болмаған балалық шағы айтылады.

 Ұлтымыздың ұлы қаламгері Шерхан Мұртаза: «Мәдениеттің мәйегі – кітап» деген еді. Қызылордада өткен бұл мереке – сол мәйекті нығайтуға бағытталған игі қадам.