#qyzylordatv
Қызылордалық көпбалалы аналар мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, кәсібін дөңгелетіп жатыр. Бірі - қой жүнін кәдеге жаратса, енді бірі шұжық шығаратын цех ашқан. Кәсіптен нәсіп тапқан жандар жайында тілшіміз тарқатады.
Жазира Рамазанқызы талантын табысқа айналдырған келіншек. Бұған дейін бала күтімінде болған ол былтыр ғана кәсіпке кірісіпті. Әуелі «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқып, мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алған. Осылайша, ісмерлікті іскерлікпен ұштастырып, шеберхана ашты. Қазір қой жүнін пайдаланып, көрпе-жастық тігумен айналысады.
ЖАЗИРА ҮРГЕНІШБАЕВА – КӘСІПКЕР /// 2024 жылы қайтарымсыз 400 МРП грантын иелендім. Қайтарымсыз қаражат алып, қасыма тұрақты жұмысшылар алып, кәсібімді дамыту үстіндемін. Қазіргі таңда біздің енді басқалардан ерекшелігіміз біз тек қана мақта ғана емес, қой жүнінде салып, қайталанбас көрпе-көрпешелерді ою-өрнектермен шығарып жатырмыз.
Динара Бағланқызы ¬- төрт баланың анасы. Былтыр мемлекеттен 1 млн 476 мың теңге қайтарымсыз қаржы алып, шұжық шығаратын шағын цехты іске қосты. Бүгінде интернет арқылы тапсырыс қабылдап, тұтынушыларға таратып отыр. Кәсіпкер келіншек енді жартылай фабрикатталған өнімдерді дайындауды жоспарлап жатыр. Өйткені, тұрғындар тарапынан сұраныс ұлғайған.
ДИНАРА БАҒЛАНҚЫЗЫ – КӘСІПКЕР /// гранттың ақшасына керекті құрал-жабдықтарымыды алдым. Аптасына біз 80 келі шұжық шығарамыз. Оған қоса, 100 келідей әсіп шығарамыз. Одан бөлек, бізде тауық еттері де шығады. Қазір 3 жұмысшым бар.
Жалпы, бизнес бастауға ынталы жандарға мемлекет тарапынан қолдау мол. Былтыр қызылордалық 520 тұрғын қайтарымсыз қаржы алып, кәсіпке бастаған. Биыл 467-ті азаматқа грант беру жоспарланып отыр.