«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Өткен жылы 10 мектептің құрылысы басталса, биыл 11 мектептің іргетасы қаланады. Сонымен қатар, 7 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.

Журналистерге арналған брифингте сала жаңалықтарымен бөліскен облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов педагогтардың біліктілігі мен нәтиже көрсеткішіне бақылауды күшейтінін айтты.

АСҚАРБЕК ЕСЖАНОВ – ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

//Лицей, гимназиялардың жұмысына жан-жақты талдау жасалып, нәтижесі төмен мектептердің статусына қатысты нақты шешімдер қабылданатын болады. Педагогтардың сапалық құрамына ерекше назар аударамыз. Облыс бойынша педагог-шеберлердің үлесі өте төмен. Бұл өз кезегінде ұстаздарымыздың белгілі бір деңгейге жетіп, соны қанағат тұтып, ары қарай ізденбей, жеткен жетістігіне тоқмейілсіп, одан әрі кәсіби дамуды мақсат етіп қоймауының салдары. Қазіргі таңда педагогтар тарапынан келеңсіз жағдайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында басқарма жанынан «облыстық білім беру мекемелеріндегі педагог қызметкерлердің еңбек ету барысында туындаған мәселелерді қарау және оларды жан-жақты қолдау» жөніндегі комиссия жұмысын бастады. //