Негізгі Жаңалықтар Қармақшыда егінді жинау науқаны басталды

Қармақшыда егінді жинау науқаны басталды

#qyzylordatv 

 Қармақшы ауданында егінге орақ түсті. Диқандар үшін бұл кезең егін жинау науқаны ғана емес, нағыз еңбек мерекесі. Ауданда ауылшаруашылығы өнімдерінің көрмесі өтіп, арнайы концерт ұйымдастырылды. Дәстүрлі «Дала күні» мерекесі «Ораз ахун ЛТД» серіктестігінің егіс алқабында өтті.


 Биыл ауданда егін 25 231 гектар аумаққа егілсе, соның ішінде 11 449 гектары негізгі дақыл күріштің үлесінде. Суды үнемдеу мақсатында тіршілік нәрінің әрбір текше метрін тиімді пайдалану аса маңызды. Сондықтан биыл суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берілген. 


ЖАНДОС ЕРКІНБЕК – АУДАН ӘКІМІ

 Биыл аудан көлемінде алғаш рет суды аз қажет ететін дақылдардың бірі жүгеріні 500 гектардан астам жерге орнаттық. Алдағы жылдары қажеттілігіне байланысты суды аз қажет ететін дақылдар санын көбейтеміз ба деген жоспарымыз бар.


Ауыл ақсақалдарының батасынан кейін шаруалар қызу жұмысқа кірісті. Диқандар үшін бұл – жыл бойы күткен жауапты сәт. Алып техниканы тізгіндеп, егіс алқабында тынымсыз жұмыс атқаратын маманның бірі – Жомартбек Арапбаев. Механизатор 2019 жылдан бері алтын дәннің шашауын шығармай, шығынсыз жинайтын америкалық комбаинды жүргізеді.


ЖОМАРТБЕК АРАПБАЕВ – МЕХАНИЗАТОР 

 Көктемгі уақытта осы егінді егеміз. Жаздай егінді күтіп баптап, күзде піскен егінді техникамен төкпей-шашпай жинаймыз. Бұйырған астықты қамбаға түсіреміз. Жұмыс болғасын қиындық та болады. Азанда 6 да шыққаннан түнгі 1-2-ге дейін жұмыс істейміз. Бұл Джондер деген комбайн. Егінді жақсы жинайды. 2019 жылдан бері осыны айдаймын


 Егіс алқабын сумен жеткілікті қамтамасыз ету ауыл шаруашылығы мамандары үшін маңызды мәселе болып қала бермек. Биыл ауданға 511 миллион текше метр су лимиті бөлініп, шаруашылықтарға толықтай үлестірілді. 


ӘСЕТ ОМАРОВ – АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ

Биылғы жылы су тапшылығы болған жоқ. Су көлемі жақсы болды. Биыл су үнемдеу үшін шаруашылықтармен келісімшартқа келіп, облыс әкімінің қолдауымен 8 каналымыз, 85 шақырымға жобалық құжаттары жасалып, экспертизадан шығарылып, каналдарды бетондауға Су министрлігі, Казсушарға заявка беріп қойған болатынбыз. Осының бәрі су үнемдеу үшін жасалып жатқан жұмыстар.


 Қармақшы ауданында 21 шаруашылық күріш, бақша дақылдары және жоңышқа өсірумен айналысады. Диқандардың ендігі міндеті – бірнеше ай бойы баптаған дақылды ысырапсыз жинап, қамбаны астыққа толтыру. 

Бөлісу