Негізгі Жаңалықтар Қоңыраудан көмекке дейін

Қоңыраудан көмекке дейін

#qyzylordatv 

Өңірдегі жедел медициналық жәрдем қызметіне тәулігіне екі мыңнан астам шақырту түседі. Оның шамамен төрттен бірі балаларға қатысты. Ал ең жоғары жүктеме кешкі уақытта байқалады. Дүниежүзілік алғашқы медициналық көмек көрсету күніне орай біздің түсірілім тобымыз жедел жәрдем қызметінің жұмыс барысымен танысты. 

 Мекенжай, науқастың жасы, белгілері мен жағдайы. Диспетчердің қажетті ақпаратты жинап, шақыртудың шұғыл екенін анықтауға санаулы ғана уақыты бар. Сондықтан жедел әрі нақты шешім қабылдау маңызды. Бір ауысымда әр маман 150-ден астам қоңырау қабылдайды. Ал тәулік ішінде облыстың түкпір-түкпірінен мұнда екі мыңнан астам қоңырау түседі.


 ЛЯЗЗАТ МЕДЕТОВА – ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ АҒА ДӘРІГЕРІ  

Облыстың барлық аумағынан түсетін шақыртулардың барлығы біздің қызмет арқылы қабылданып, өңделеді. Тәулігіне екі мыңнан астам өтініш түседі. Оның шамамен 500-600-і балаларға қатысты болса, 100-ге жуығы – бір жасқа дейінгі балалар. Тұрғындар көбіне қан қысымының жоғарылауына және тамақтан улануға байланысты жүгінед Ең жоғары жүктеме кешкі сағат 17:00-ден 22:00-ге дейінгі аралықта түседі. Осы уақытта шақыртулар санының артуына байланысты бригадаларға түсетін салмақ та едәуір көбейеді. Қазіргі таңда облыс бойынша 70 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді, оның 24-і Қызылорда қаласында. Диспетчерлік қызметте тәулік бойы шақыртуларды қабылдайтын 7 диспетчер, бағыт бойынша жұмыс істейтін 3 диспетчер және 2 аға дәрігер кезекшілік етеді. Бір диспетчер бір ауысымда 150-ден астам шақыртуды қабылдауы мүмкін./ 


 Жүктемені азайту үшін мұндағы қызмет техникалық және кадрлық тұрғыда күшейтілуде. Биыл облыста шұғыл медициналық көмек көрсетуге 6 миллиард 814 миллион теңге қаралған. Бригадалар саны 19-ға көбейтіліпті. Қосымша бригадалар медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтып, көмекті күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.


 Шақырту түскен бойда бригада бір сәт бөгелместен қажетті құрал-жабдықтарын алып, көлікке беттейді. Жедел жәрдем көлігі де көрсетілген мекенжайға бірден аттанып, мамандар жылдам науқасты тексеруге кіріседі. Оның жағдайын бағалап, қан қысымын, тамыр соғысын және басқа да өмірлік маңызды көрсеткіштерін өлшейді. Осыдан кейін қажетті медициналық көмек көрсетіледі.


 САЯТ ҚЫСТАУБАЕВ – ФЕЛЬДШЕР 

Бұл салада 15 жылдан бері жұмыс істеймін, оның 8 жылы жедел медициналық жәрдем қызметінде өтті. Әрбір шақырту түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Ең күрделі шақыртулардың бірі – жол-көлік оқиғалары. Мұндай жағдайда оқиға орнында шұғыл көмек көрсету қажет. Сонымен қатар жүректің тоқтауы, құрысу және эпилепсия ұстамасына байланысты шақыртулар да оңай емес. Орта есеппен күндізгі ауысымда шамамен 15 шақыртуға шығамыз, ал түнгі ауысымда олардың саны 20-ға дейін жетеді


Бір тәулік ішінде жедел жәрдем бригадалары стационарларға шамамен 400-дей науқасты жеткізді. Дегенмен әрбір шақырту ауруханаға жатқызумен аяқталмайды. Көп жағдайда қажетті көмек оқиға орнында көрсетіледі. Ал шақырту аяқталғаннан кейін бригаданың босаңсуға уақыты жоқ. Өйткені диспетчерден кезекті қоңырау күтіп тұр. 


Бөлісу