Коммуналдық мекемелерге техника табысталды
#qyzylordatv
Бүгін облыс орталығындағы Президент саябағында аймақ басшысының қатысуымен коммуналдық мекемелерге 37 арнайы техника табысталды. Олардың басым бөлігі қысы-жазы шаһар келбетін көрікті етіп жүрген тазалық мекемесінің мамандарына беріліп отыр. Тақырыпты әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.
Қызылорда қазір еліміздегі ең таза шаһардың бірі. Бұл сала мамандарының еселі еңбегінің жемісі. Дегенмен барлығын тап-тұйнақтай атқаруға арнайы техникалар аздық ететін. Енді бұл мәселе біршама реттелгендей. Тазалық мекемесіне су жаңа 32 көлік әкелініп отыр. Олардың 15-і тұрмыстық қалдықтарды тасуға бағытталса, 12-сі көше тазалығына арналған. Мұнымен қоса, қар күреу үшін 5 заманауи техника жеткізіліпті. Жалпы өңірде барлық саланың материалдық-техникалық базасын жаңалауға айрықша назар аударылып отыр.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу үшін жаңа автобустар, мектеп оқушыларына тасымал, денсаулық сақтау саласына жедел-жәрдем көліктері, орманшылар мен ветеринария мамандарына, сондай-ақ, құқық қорғау органдарына қызметтік автокөліктер толықтай алынды. Қалалық коммуналдық салаға да жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соңғы жылдары облыстық бюджеттен құны 3 млрд теңгеге заманауи үлгідегі 82 арнайы техника берілген болса, міне бүгін олардың қатарына қосымша 37 техникамен толығып, халық игілігіне сүбелі үлес қосқалы тұр/
Бүгінде сала мамандары қаладағы 300-ден астам көшенің тазалығын реттеп отыр. Ал қыс ауасында кемінде 50 көшенің қарын тазарту міндет. Талап тастай болғанымен көлік мәселесі күрмеулі күйінде қалатын. Дегенмен соңғы жылдары мезгіл мәселесі майшаммен қаралып, қыстың жайы жазда шешіліп келеді.
НҰРЛЫБЕК СЕЙІЛХАНОВ – «ҚЫЗЫЛОРДА ТАЗАЛЫҒЫ» ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ
Мекемеміз қазір техникамен 80 пайыз жаңаланды. 280-дей техникамыз бар, 500-ге жуық қызметкер бар, оның көпшілігі жұмысшы қызметкерлер. 280-ге жуық қала көшелерін тазалаймыз. Тұрғын үйлердің арасын жақсы тазалап, жұмыс дұрыс жүруде. Облыс әкімдігіне рақмет
Бүгін «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің де автопаркі біршама жаңаланды. Мамандарға соңғы үлгіде жабдықталған 5 бірдей вакумдық ассенизатор мен жылжымалы жөндеу техникалары табысталды.
Салтанатты шарада тазалық саласы мен су жүйесі мекемесінде еңбек етіп жүрген қарапайым қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, аймақ басшысы арнайы алғыс хат табыстады. Мұнан соң Мұрат Нәлқожаұлы сала мамандарымен еркін пікір алмасып, жаңа көліктердің әлеуетін байқады.