Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі Ұлыстың ұлы күні – әз Наурызды атап өтті. Қазақылықтың бойтұмарына айналған ұлық мерекеде театрландырылған қойылым көрсетіліп, салт-дәстүр көрініс тапты.

Биыл Президент тапсырмасымен Наурыз мерекесін тойлаудың онкүндігі бекітілген болатын. Осыған орай Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде 14 Наурыздан бастап күн сайын түрлі форматтағы іс-шаралар өтіп жатыр. «Төрлет, Наурыз төріме!» атты мерекелік жиын бүгінгі «Жаңару» күнімен тұспа-тұс келіп отыр.

АСҚАРБЕК ЕСЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ \Бүгін кезекті «Жаңару» күні. Бұл тек қана табиғаттың ғана жаңаруы емес, мемлекетімізде демократиялық саяси жаңару кезеңдерінің өтіп жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. .... \

Ұлтты ұйыстырып, татулыққа үндейтін, береке мен бірлікке бастайтын жалпыхалықтық мерекеде Қыдыр ата бата берсе, жақсылықтың жаршысы, күн бейнелі Ұмай ана ақ тілегін жеткізіп, «Наурыз алас» рәсімін өткізді. Ал, «Ассорти» студенттер театрының сахналық қойылымы мен «Япурай» хор ұжымының «Тойбастары» шараның мазмұнын аша түсті.

ЖАҚСЫГҮЛ ТОҒАНОВА, М.МӘМЕТОВА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ \Біздің ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық ойындарымызды дәріптеледі. Асық ату, садақ тарту, арқан тартыс, қыз қуу секілді ұлттық ойындар колледж студенттерінің қатысуымен мән мағынасы ашылады. Наурыздың берекелік, мерекелік шарасы барлығы осы білім алушыларға негізделіп арналған \

Мерекелік шарада колледж студенттері Береке, Бірлік, Шаттық, Думан, Мереке деп аталатын бес ауылға бөлініп, қазақтың салт-дәстүрінен көрініс қойды. Мәселен, филология бөлімінің қыз-жігіттері бастаңғы жасаса, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің» білім алушылары өздерінің әжелерімен бірге «бесікке салар» дәстүрін көпшілік назарына ұсынды.

ЗЕЙНЕГҮЛ ҚОЙБАҒАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ \Қасиетті бесікқой бұл. Баланың аяғының түзу өсуі, ұйқысының тыныш болуы үшін бесікке салынады....

Наурыз мерекесінің тағы бір айшықты тұсы – спорттық ойындар ұлықталады. Колледж ауласында асық атып, садақ тартқан жігіттер мергендіктерін көрсетсе, гір тасын көтеру, қол күрес, аударыспақ ойындарында білек күші сыналды. Наурыз тойға жиналған көпшілік спорттық жарыстармен қатар «Өнер» бөлімі студенттерінің мерекелік концертін тамашалады.