Өңірде көктемгі дала жұмыстары басталды. Биыл Сыр дихандары 187 мың гектарға ауыл шаруашылық дақылдарын егуді межелеп отыр. Мамандардың айтуынша, егіске қажетті су мөлшері өткен жылдан едәуір аз болады деген қауіп бар. Сондықтан негізгі дақыл көлемі 5 мың гектарға дейін қысқартылмақ.

Сыр шаруаларының тірлігі тікелей дария суына байланған. Соңғы 5-6 жылдың бедерінде бұл мәселе тіпті күрделене түсті. Биыл да түйіткілдің түйіні тарқатылмайтын сыңайлы. Мамандар Шардара мен Көксарайға жиналған су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд текше метрге аз екенін ескертіп отыр. Сәуір айының ортасына дейін су көлемі сәл көбеюуі мүмкін. Бірақ вегетациялық кезеңдегі қажеттілікті толық өтей алмайды. Сол себепті негізгі дақыл - күріш көлемі едәуір қысқартылмақ.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //2023 жылы су аз болады дегенге қарамастан 89 мың гектарға дейін ектік. Оның ішінде бізге көрсетпей ұрланып еккендер тағы бар. Ал енді қажет болған жағдайда 78 мыңға дейін қысқартамыз. Өйткені негізгі жоспар 64 мың гектар болған. Ертең қаншама шығын жұмсап, су болмай қиналып жатқаннан көрі осы кезден бастап нақты су жеткізетін жерді нақтылап сол бағытта жұмыс жасауымыз керек/

Жоспарсыз тәуекел көл-көсір шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан үкімет негізгі дақыл көлемін 50 пайызға азайтуды тапсырды. Бұл 64 мың гектардың шамасы. Таяқтың екі ұшы бар. Күріш көлемін қысқартқан сайын өңір экономикасы құлдырай түсері белгілі. Сол үшін аймақ басшысы тиісті министрлікпен мәмілелесіп 83 мың 900 гектарға ұлғайтты. Енді өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай қарекет қылу маңызды. Әсіресе, арзан бағада бөлінген тыңайтқыш пен жанар-жағар майды дер кезінде шаруашылықтарға жеткізу қажет.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Міндетті түрде бөлінген жанар-жағармайды алуымыз керек. Ертең ол қымбаттайды, бұл жылда орын алып жүрген жағдай. Оны жақсы білесіздер. Сол себептен осы кезден бастап аудан әкімдері Талғат Тұрсынұлымен бірге жұмыс жасап, өздеріңізге бөлінген қажетті жеңілдетілген дизель отындарын шаруашылыққа жетуін ұйымдастырыңыздар/

Мемлекет басшысы алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті екі есеге ұлғайтуды тапсырды. Күріш көлемін қысқартып, молшылыққа кенелеміз деу, қисынсыз көрінуі мүмкін. Бірақ артық шығыннан арылып, агросаланы цифрландырсақ, өнімділікті ұлғайтуға болады, дейді мамандар. Жиында сала жетекшісі осы бағыттағы жобаларға тоқталды.

ТАЛҒАТ ДҮЙСЕБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ // Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы егілетін егіс көлемін 4 мың 200 гектарға жеткізу межемізде бар. Бұл бағытта тиісті жобалар әзірленген. Ол жобалар қазір басталып жатыр. Мамыр айына дейін іске қосылады деген жоспарымыз бар.../

Су үнемдеу технологиясын жетілдірумен қатар, өңірде әртараптандыруға басымдық берілмек. Мұнымен қоса биыл 5 мың отбасыға ұжымдық түрде бақша дақылдарын егуге дайын жер телімдері беріледі.