WorldSkills-2024 Ұлттық чемпионатының аймақтық іріктеу кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыратын халықаралық жобаның мақсаты – сұранысқа сай білікті кадрлар даярлау.

Биыл WorldSkills-2024 Ұлттық чемпионатының аймақтық іріктеу кезеңінде 15 құзыреттілік бойынша 74 жас бақ сынады. Соның ішінде әр сала бойынша шеберлік танытқан 24 білім алушы үздік атанды.

Айдана Алтынбаева – бастауыш сыныптарға арналған оқыту методикасын ұсынған. Болашақ педагогтың жұмысы үздік деп танылып, бірінші орынды жеңіп алды.

Ал Алмат Еділбаев «дәнекерлеу технологиясы» бойынша екінші орынға лайық деп танылды. Темірді темірмен қосып, пісіру жұмыстарын жүргізудің шебері болуға талпынысы жоғары.

Жалпы WorldSkills кәсіби шеберлік байқауы әлемнің 80 мемлекетінде өткізіледі. Еліміз жұмысшы мамандықтардың беделін арттыратын халықаралық чемпионатта 2015 жылдан бері бақ сынап келеді.

«Жас маман» жобасы шеңберінде облыстағы тоғыз мемлекеттік колледж заманауи техникалармен жабдықталды. Жаңа жабдықтар WorldSkills чемпионатына білім алушыларды әзірлеуге және жаңа құзыреттілік орталықтарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.

Өңірлік іріктеу кезеңінде жоғары жетістік көрсеткен жеңімпаздар енді Сарыарқа төрінде өтетін Ұлттық чемпионатта бақ сынайды.