Жаңақорған ауданында еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған қазақ күресінен жастар арасында республикалық турнир ұйымдастырылды. Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында үстел теннисінен республикалық турнир өз мәресіне жетті.

Ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан білікті ұйымдастырушы, еселі еңбегімен ел жадында қалған арда азамат Машбек Нәлібаевты еске алу турнирі биыл он сегізінші мәрте жалауын көтерді. 2005 жылы басталған дода облыста үздіксіз өтіп келе жатқан бірден-бір жарыс. Ауқымды шарада сөз алғандар еңбек ардагерінің ерен істерін ұрпаққа үлгі етті.

 Қазақ күресінен жастар арасындағы республикалық турнирде Астана, Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда, Павлодар, Ұлытау облысынан барлығы 150-ден астам балуан бақ сынады.

Бұл күні шағын футбол мен волейболдан облыстық ашық турнир ұйымдастырылды. Тоғыз команда қатысқан волейбол жарысында Қызылорда құрамасы жеңімпаз атанса, шағын футболда Жалағаш ауданының футболшылары турнир жеңімпазы болды.