Жұртшылық көптен күткен келелі іс. Қармақшы ауданының Дүр Оңғар ауылына газ тарту жұмыстары басталды. Сәтін салса ауыл тұрғындары келер жылы көгілдір отынның игілігін көрмек. Байырқалы бастама турасында тілшіміз тарқатады.

Дүр Оңғар ауылы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Мұнда қазір 400-ден астам отбасы тұрады. Жыл сайын ауыл аясы кеңеюде. Көгілдір отын жұртшылықтың көптен күткен тілеуі еді. Алыстағы арман ақиқатқа айналатын сәт таяды. Газ құбырын тарту жұмыстары қазыналы қариялардың ақ батасымен басталып отыр. Ауқымды жобаға 7 млрд теңгеден астам қаржы қаралмақ.

Қармақшы ауданында газдандыру жұмыстары 2021 жылы басталды. Содан бері Жосалы және Төретам кенті мен Ақай елді мекені көгілдір отынға қосылған. Енді алдағы бірер жылда Дүр Оңғармен қатар, іргелес жатқан 11 ауылға газ жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін дария астынан магистралды құбыр жүргізілмек.

 Шыны керек, газ құбырын жүргізудің машақаты көп. Басқасын былай қойғанда, құжаттама жұмыстарының өзіне қыруар қаржы қажет. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Бұл бастаманың жедел жүруіне ауыл еңбеккерлерінің басын қосқан «Жаңажол» серіктестігі қолғабыс етті. Ымыралы тірлікке куә болған ел ағаларының алғысы алғаусыз.

 Айта кетерлігі, елді мекенді газдандыру жұмыстары келер жылы толыққанды аяқталмақ. Осылайша қараша қауым от жағып, күл шығару машақатынан түбегейлі құтылады.