Шиелі ауданының еңбеккерлері тоқшылық тойына толайым табыспен жетті. Биыл дән атасы Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары күріштің әр гектарынан орташа 60 центнерден өнім орып, қамбаға 79 мың тоннаға жуық астық жиналды. Күні кеше жылдағы дәстүрге сай алтын күз мерекесі дүбірмен тойланып, еңбек озаттары марапат төрінен көрінді. Оңтүстік аудандағы мерейлі мезет турасында тілшіміз тарқатады.

 Жыл сайын еңбек тойын шиеліліктер кең көлемде тойлайды. Дала академигінің ізбасарлары биыл да сол сүрлеуден жаңылмады. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлер алыстан менмұндалап тұр. Еңбек озаттарына табысталар су жаңа көліктер де мерекенің мәнін келтіргендей. Бір сөзбен, нағыз тоқшылық тойы. Айта кетерлігі, биыл Жақаевшылар қозғалысының құрылғанына - 60 жыл. Сондай-ақ, аудан тынысын жұртшылыққа бәз қалпында жеткізіп келе жатқан «Өскен өңір» газетінің оқырманға жол тартқанына 85 жыл толып отыр. Мерейтойлық мезетті аудан өнерпаздары көркем көрініс арқылы шебер жеткізді.

 Шыны керек, қазір білекке емес, білімге сенетін заман. Басқасын былай қойғанда егістің ебін табуға да ақыл қажет. Әсіресе, жаңа технологияның тілін білу маңызды. Бұл ретте шиелілік шаруалардың асығы алшы. Өңірде ең алғаш лазерлік тегістеу әдісі осы өлкеде қолданылды. Озат құрылымдар егіске минералдық тыңайтқыштарды дрон арқылы себуді қолға алған. Ал соңғы жылдары тіршілік нәрін үнеммен қолдану ісінде үлгі үдесінен көрініп жүр. Осы ескеріліп биыл су үнемдеу технологиясын қолдану бойынша Шиелі озат аудан атанды. Жиналған өнім де жылдағыдан мол. Күріштің әр гектарынан 60 центнерден өнім орылып, қамбаға 79 мың тоннаға жуық астық құйылды.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов еңбекші қауымға аймақ басшысының құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткерлері де шаруалардың қуанышына ортақтаса келген. Олар дихандармен дидарласып, үздіктерге бәрекелді десті. Бұл ымыралы тірліктің көрінісі. Кеше ғана атыз басында жүрген күрішшілер мен комбайн кабинасындағы азаматтар бүгін еңбекпен ер атанды. Алды тындырымды тірлігіне қарай су жаңа автокөлік тізгіндеді. Ал, егіс науқанының қортындысы бойынша «Ақмая» шаруа қожалығының шоқтығы биік болып, «Үздік шаруашылық» атанып отыр.

 Тоқшылық тойы даңғайыр дихан Ыбырай Жақаев ауылында жалғасты. Айтулы шараның осы өлкеде өтуі тегін емес. Ілгеріде бұл «Қызыл Ту» колхозы атанған. Аядай ауылдан жер баптаған еңбеккерден бастап, білікті ғалым мен ұлағатты ұстаз да шықты. Биыл бұл ауылдың құрылғанына 95 жыл толып отыр. Осыған орай «Жақаев салған ізбенен» атты халықтық мәдени-үгіт бригадаларының облыстық фестивалі мен жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды.

 Алтын күз мерекесіне орай шиелілік шаруалар аудан жұртшылығына өздері өндірген өнімдерін ұсынды. Мұнда күріш, қауын-қарбыз, балықтан бастап, балға дейін, тіпті 4 түлік малға дейін қойылған. Жәрмеңкеге бас-аяғы 185 тоннадан астам өнім шығарылды. Бағасы базар бағамынан айтарлықтай арзан.

 Қазақтың той-думаны тұяғы жер шарпыған тұлпарлар бәсекесінсіз өткен бе? Берекелі алтын күз мерекесіне орай жылдағы дәстүр бойынша Шиеліде ат бәйгесі ұйымдастырылды. Шежірелі ауданда өткен дүбірлі доданың бәсі жоғары. Он миллион теңгеге жуық жүлде қорын қамтыған бәйгеге еліміздің әр аймағынан 70-ке жуық жүйрік келіп, бақ сынады. Құйрық жалы таралған тұлпарлар тай, құнан және аламан бәйгеде бақ сынап, қиқулаған қауымның делебесін қоздырды.

Шын тұлпар дараланатын аламан бәйге 25 шақырымға созылды. Бұл сында әр өңірден келген 18 жүйрік бақ сынады. Сәйгүліктердің бірі- бірінен өтеді. Бірақ, шынашақтай шабандоз Абзал Тұрғанбек тақымдаған «Лашын» атты тұлпар ә дегеннен қара үзіп шықты. Жүйрік екпінін соңғы айналымға дейін үдетіп, тіпті мәреге қара үзіп жетті.

 Алтын күз – молшылық мерекесі. Ала жаздай атыз жағалаған диқандардың дидары ажарлы, бәйгесі – базарлы болды. Ал кешқұрым бірқатар зиялы қауым өкілдері мен еңбек озаттарына құрмет көрсетіліп, аудан әкімінің алғыс хаты мен шипажайға жолдама берілді. Мұнан соң, мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, эстрада жұлдыздары Гүлнұр Оразымбетова, Еркеш Хасен, Маржан Арапбаева және Мұхтар Ханзада аудан тұрғындарына әсем ән ұсынды.