Биыл қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосқан атақты би Әйтеке Бәйбекұлының туғанына 380, халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлына 250 жыл толып отыр. Осыған орай Қазалы ауданында бабаларды ұлықтауға арналған тарихи-танымдық шара өтті. Конференцияда ғалымдар тарихи тұлғалардың елдік жолындағы ерлік істерін дәріптесе, ақындар сұлу сөзден маржан теріп, көрерменге рухани азық сыйлады.

 Әйтеке би қазақ тарихындағы ең күрделі кезең жоңғар шапқыншылығы кезінде елді бірлікке бастап, небәрі 20 жасында Бұқара мен Самарқанда би болған тарихи тұлға. Биыл Өзбекстанның Науаи облысында Әйтеке бидің 380 жылдығы кең көлемде тойланған болатын. Енді міне, қасиетті Қазалы топырағында баба есімі ұлықталды. Ғылыми-танымдық конференияға облыс әкімі қатысып, Әйтеке би Бәйбекұлы туралы тарихи деректерге тоқталды.

 НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \Тәуке хан таққа отырғаннан соң алғаш рет ресми түрде Әйтеке би осы кеңеске 19 жыл мүше болды. Мемлекет ісіне белсене араласты. Тәуке ханның бас кеңесшісі ретінде қазақ тарихындағы ең құнды құжат Жеті жарғы заңдар жинағын әзірледі....

 Конференциядан соң «Айыр тілді Әйтеке би» атты облыстық жазба ақындар мүшайрасы өтті. Сөз зергерлері Бұқараның білгірі, қара тілдің дүлдүлі Әйтеке туралы арнау өлеңдерін оқыды. Жыр додасында қазалылық ақын Ақжол Түменбай бас жүлдені жеңіп алды. Биыл сондай-ақ Алаш жұртының азаттығы үшін елдік туын көтерген даңқты батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлының туғанына 250 жыл. Баба тойына жиналған жұрт әуелі «Ұлт азаттық қозғалысы және Жанқожа батыр» атты ғылыми-танымдық конференцияға қатысты. Тағлымды шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназ сияқты зиялы қауым өкілдері қатысып, баяндама жасады.

Ұлт азаттығы жолында аттан түспеген даңқты қолбасшының мерейтойы аясында «Елі үшін туған ер Жанқожа» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Аудан өнерпаздары сахналық қойылым арқылы баба ерлігін насихаттап, өскелең ұрпаққа үлгі етті.

 Сыр бойындағы ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшысы Жанқожа батырдың 250 жылдық мерейтойына орай республикалық ақындар айтысы өтті. Дүбірлі додаға үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай, Біржан Байтуов, Қайнар Алагөзов сияқты аузымен құс тістеген арқалы ақындар қатысып, сөз таластырды.

 Айтыс аламанында қызылордалық Мұхтар Ниязов қарсыластарын шаң қаптырып, бас жүлдені еншіледі. Ал, семейлік Рүстем Қайыртай бірінші, Алматы қаласынан келген ақын Нұрзат Қару екінші орынға ие болды. Шаппа-шап айтыста шешендігімен көзге түскен аралдық Бексұлтан Орынбасаров үшінші орын алды.

ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ \Халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығына арналған шара республикалық ат бәйгесіне ұласты. Ауыздықпен алысқан, асау желмен жарысқан жүзге жуық сәйгүлік жарыс жолына шықты. Айта кетейік, аламан бәйгенің бас жүлдесіне автокөлік тігіліп отыр.

 Сөз шеберлері айтыс аламанында атой салса, тұлпар тақымдаған шабандоздар атшабардың шаңын көкке көтеріп, көрерменнің делебесін қоздырды.

24 шақырымдық аламан бәйгеде шиелілік Ерғали Жетпісовтің «Айналайын» атты арғымағы мәре сызығын бірінші болып кесті. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған сәйгүліктің иесі автокөлікке ие болды.

Ұлттық спортты ұлықтаған қазалылықтар мұнан соң түйе балуандар бәсекесін ұйымдастырды. Қазақ күресінен өткен республикалық турнирге Сыр спортшыларымен қатар Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан облыстарынан 200-ге жуық балуан қатысты. Жарыс нәтижесінде Қарақұмның қаранары Нұрым Сәлімегерейдің мерейі үстем болды.

 Мерейтой аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жиын-терім науқанын ойдағыдай аяқтаған қазалылық шаруалар жаз бойы жинаған көкөніс, бақша дақылдарын тұрғындарға тиімді бағада босатты.

«Алтын күз» мерекелік шарасында елдің ырзық-несібесін арттырып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан дала еңбеккерлері марапатталды.

 Елдіктің ақ туын көтерген ұлт-азаттық көтерілтің көшбасшысы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойына арналған шара гала концертпен қорытындыланды. Мерекелік кеште Төреғали Төреәлі, Айбек Қайбулла, Ринат Шамшырақ сынды эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, қазалылықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.