Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра! Облыс орталығында «Домбыра - халық мұрасы» атты өнер фестивалі өтті. Бір мезетте өңірдегі барлық оркестр мен дарынды жеткіншектер күй тартып, Сыр аспанында ұлттық саз өнері салтанат құрды.
Домбыра - ұлы даланың ұлы тарихын өн бойына сыйдырған аспап. Қос ішекте құдірет бар. Қиыл кезеңде ел рухын қайрап, айбынын асырған да осы аспап. Сондықтан ол елмен егіз. Салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы жиылған жұртты ұлттық домбыра күнімен құттықтап, мерекенің маңызына тоқталды.
Домбыра - қылыштан өткір, құрыштан берік. Көне заманнан бері қазақы қоңыр тірлікпен үндесіп һәм тілдесіп келеді. Әсіресе, жыр өңірінің жұрты ұлттық аспапқа бұрыннан байыппен қарайды. Өйткені, жыр жүйріктерімен қатар, Әлшекей Бектібайұлы, Шал Мырза Тоқтыбайұлы, Құрақтың Досжаны, Қазанғап, Мүлкәман Қалауов, Тасболат Сқақов сынды дәулескер күйшілердің қазынасы қаттаулы. Сол мұраларды ұлықтауды мұрат еткен кейінгі буын бір мезетте күй тарттып, елді елітіп әкетті.
ӘДІЛБЕК ТӘШІМОВ – КҮЙШІ //Арал-Қазалы өңірлерінде Шалмырзаның күйлері бар. Керемет шыққан. Бертін келе Қаратау өңірінде Әлшекей мен Сүгір атамыздың сарындары жатыр. Әлешекейдің 20-ға жақын күйі бар. былтыр соны насихаттау барысында республикалық жарыс өтті. Біз қазақ болғаннан кейін әрбір қазақтың төрінде ілініп тұруы тиіс.
Сыр өңірінің мәдениетінде күйшілік дәстүрдің тарихы тереңге бойлап, асыл өнеріміз күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып келе жатыр. Бүгінде облыстағы мәдениет үйлері мен клубтарда 100-ден аса жыр-терме, домбыра үйірмесі бар. Онда 1000-нан астам жеткіншек дәстүрлі өнерге тәрбиеленуде.