Өңірде жол инфрақұрылымы саласында түйткіл азаймай отыр. Ауыл-аймақтағы қиюы кеткен жолдарды жөндеуге мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінгенімен оны дер кезінде игеру ісі кемшін. Сондай-ақ, құрылыс материалдарының қымбаттағанын алға тартып, бастаған істі аяқсыз қалдыратын мердігер мекемелер көбейген. Ал оларды бақылаушы тарапты да бақылау керек секілді. Себебі, жол салушы компания басшылығына тексерістің келетінін күні бұрын хабарлап қоятын пысықайлар бар. Саладағы солқылдақ мәселелер үкімет отырысынан кейін облыс әкімдігенде өткен жиында талқыланды.
Биыл өңірде жол инфрақұрылымын жетілдіруге 33 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Шыны керек, қазіргі жағдайда республикалық бюжеттен осынша соманы иелену оңай шаруа емес. Алайда, берілген ақшаның өзін берекелі жұмсай алмай отырған мердігерлер бар. Ал оларды бақылаушы тарапта да жайбасарлық басым, деді аймақ басшысы. Мәселен, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын байланыстыратын автожол құрылысы бірнеше жылдан бері аяқталмай келеді. Ақыр аяғы іс сотта қаралып, жұмысты жүргізуге басқа мекеме тартылып отыр.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Жақында ғана біз сот арқылы бұрынғы мердігермен келісімшартты бұздық. Ол кісіге барлық мүмкіндіктер берілді. Қазір 4-5 жылдан асты, енді әрі қарай жасай алмайтындықтан келісімшарт қазір бұзылып, қайттан конкурс жарияланды. Енді біраз уақыт кетті. Өзінің тәртібі бойынша жұмыс жасалды. Қазір анықталған мердігер жұмысты бастады ма?
ЖӘНІБЕК СЫЗДЫҚОВ – ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ /Қазіргі таңда материалдарын жинап жатыр. Жұмыстары тамыздың бірінде басталады. Ал тиісті құжаттарын тапсыру жүргізілді. Осы кезде жоба бойынша жұмыс толық басталып кетті. Қыркүйек айының соңына дейін толық тапсырамын деп уәде беріп отыр/
Аймақ басшысы созбалаңға салынған бұл жобаны қыркүйек айына дейін сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, Қазалыдағы қиюы кеткен және бір жоба - Қарлаң көпірінің құрылысы да талқы таразысына түсті. Жасыратыны жоқ, Сырдарияның арғы бетіндегі 10 шақты ауыл тұрғындары осы жоба басталғанда бөркін аспанға атып қуанған еді. Алайда бірнеше жыл өтсе де, өнген іс аз. Енді бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауында болмақ.
Елімізде жүргізілген барлық жол құрылысы ұлттық жол активтері орталығының сапа сараптамасынан өтуі тиіс. Алайда, бұл талапқа пысқырып та қарамайтын басшылар бар. Әсіресе, үкімет шегелеген міндет Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында өз дәргейінде орындалмай келеді. Сондықтан аталған аудан әкімдеріне ескертпені елемегені үшін сөгіс берілді.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ / Министрлікпен жұмыс істеңіздер. Күнделікті қандай кемшілктер бар соны жойыңыздар. Әсіресе, осындай жиындардың алдында сала қаралатын кезде тағы да бір пысықтап қоюға болады ғой. Бірақ сіздердің оған бастарыңыз ауыра бермейді. Ендігіде қатаң сөгіс, одан кейін білесіздер не болатынын. Ал кейбіреулеріңізде сөгіс болған болса, онда автоматты түрде қатаң сөгіс кете берсін. Басқа оның жолы жоқ/
Айта кетерлігі, ұлттық жол активтері орталығының мамандары Қызылорда қаласы мен 7 ауданнан 152 келеңсіздік анықтаған. Соның ішінде тек Сырдария ауданы ғана көрсетілген кемшіліктерді дер кезінде жөндепті. Ал басқа аудандардағы жауаптылар «сен тимесең, мен тиме», деп тапсырмаға жүрдім-бардым қараған. Жиында сол ескертпені елемегендерге де қатаң ескерту жасалды.