Белбеу күресінен дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қола жүлдегері Назерке Әбілтаева туған жерге оралды. Спортшыны темір жол вокзалынан әріптестері мен туыстары зор қошеметпен күтіп алды.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен боз кілем бәсекесінде ел құрамасынан әйелдер арасында бес ойыншы өнер көрсетсе, соның бірі – қармақшылық Назерке Әбілтаева. Алғашқы айналымда грузиялық Анано Моргошиямен, екінші айналымда Омолбанин Мохсамимен белдескен спортшымыз жеңіске жетсе, жартылай финалда ресейлік Алена Фатыховадан есе жіберді. Нәтижесінде Назерке Әбілтаева қола медальді еншіледі.

Күтіп алу іс-шарасында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов Назеркені жеңісімен құттықтап, облыс әкімінің атынан 500 мың теңгенің сертификатын табыстады.