Қызылордалықтар қала мерекесін ерекше тойламақ. Шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін қыркүйектің 17-сі мен қазан айының 12-сі аралығында қырыққа жуық шара ұйымдастырылады деп күтілуде.

 Қала күнін тойлаудағы биылғы ерекшелік тек салтанатты шаралармен шектелмей, әр саланың үздіктерін анықтауға арналған бірнеше байқау өткізу жоспарлануда. Мәселен, бүгін орталық алаңда облысқа белгілі жас ақындар арасында «Ғалам мен қалам» тақырыбында поэтикалық дуэль жобасы ұйымдастырылады. Ал, қыркүйектің 25-і мен 30-ы аралығында «Қызылорда. Қасиет. Құндылық» атты мәдениет апталығы өтеді. Сондай ақ қала тұрғындары «Еңбек» аллеясында кітап көрмесін тамашалайтын болады. 26-шы қыркүйекте «Қызылорда – болашақтың қаласы» атты жас суретшілер байқауы мен Ақсуат ауылдық округінде республикалық ақындар айтысы мерекенің ажарын айшықтай түспек.

Мұнан кейінгі мәдени-көпшілік шаралар легі вокалды аспапты ансамбльдердің дәстүрлі фестивалі, тазалық акциялары, облыстық фотографтар байқауы, түрлі спорттық және интеллектуалдық сайыстар, отбасылық квиздер, зағип және нашар көретін азаматтар арасындағы республикалық өнер байқауы, ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, ат бәйгесі, театрландырылған қойылыммен жалғасып, гала-концертпен қорытындыланбақ.