Сұйытылған газ тақырыбына қатысты бүгінгі жиын құқық қорғау, қадағалау органдарының өкілдерінің қатысуымен өтті.

Сөздің ашығын айтайық, қарапайым тұрғындар аракідік такси боп нанын тауып жүр. Сұйытылған газдың бағасы бензиннен анағұрлым арзан болғандықтан көлігіне қондырған. Бірақ, бекеттерде газ бола бермейді. Болса да 2 мың теңгенің лимиті немесе талонмен босатады. Шыны керек, жеңілдетілген бағадағы әлеуметтік газды халыққа сатпай, басқа тараптарға сатуды жолға қойған операторлар пайданы еселеп тауып отыр. Бұл мәселе кешеден бері облыс әкімінің жетекшілігімен талқыланып, арнайы комиссия жұмысын бастап та кетті. Облыс аумағында 25 оператор 210 автогаз құю бекеті арқылы сұйытылған мұнай газын сатады. Көріп отырған пайдалары көл-көсір. Бір тоқсанның ішінде кейбір деректерге қарағанда айына 100 млн теңгеге дейін кіріс көрген кәсіпкерлер бар. Ашыққаннан құныққан жаман демекші, олардың төлеп отырған салықтары көріп отырған пайдаларынан анағұрлым төмен. Мұның бәрі фискалды органдардың тексерісіне жол ашатын фактілер. Облыстың әлеуметтік мәселесіне қол ұшын созуға келгенде тарылып қалатыны тағы бар.

Сөздің тоқетері, қарапайым тұрғындар газ тапшылығынан зардап шекпеуі керек, арнайы құрылған комиссия осы мақсатта нәтижелі жұмыс жасауы тиіс, - деді облыс әкімі.