Қазалы ауданында егінге алғашқы орақ түсті. Биыл ауданда 17300 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, негізгі дақыл күріштің көлемі 6200 гектар. Аудан әкімі егіс басындағы еңбеккерлермен бірге алғашқы орақ салу рәсіміне қатысты.

 Ауданда күріш оруға қажетті техникалар толықтай жөндеуден өтіп, танаптарға түскен. Бекарыстан би ауылындағы егіс алқабынан басталған күріш ору жұмыстары барлық шаруашылықтарда бірдей жүзеге асуда. Аудан еңбеккерлері күзгі-жиын терімнің жайын дала қосындағы семинарда талқылады. Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов күріш жинауға дайындық туралы баяндаса, «Қазалысушар» өндірістік учаскесі басшысының орынбасары Жанбай Садық су арналарына жасалатын жөндеу мен су ақысы төлемдеріне тоқталды. Жиында аудан әкімі агросаланы дамыту бағытында бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Агросалада ұзақ жылдық тәжірибесі бар «РЗА Агро» ЖШС биыл 4618 гектар жерге егін еккен. Оның 2060 гектарына күріш дақылын орналастырылыпты. Былтыр күріштің әр гектарынан орташа есеппен 45 центнерден өнім алса, биыл алғашқы өнім 70 центнерге жеткен. «Сыр салысының шығымы ойдағыдай»,- дейді диқандар. Басым бөлігі жерсіндірілген ресейлік маршал, лидер секілді сорттар.

Ендігі міндет – ел ырысына айналған күрішті ысырапсыз қамбаға құю. Аудан диқандары күріш ору жұмыстарын Қазан айының ортасына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.