Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде №252 мектеп-гимназияның 375 орындық қосымша оқу ғимаратын аралады.Сондай-ақ, Бестам ауылындағы жүгері алқабында болып, егінжайдың барысын бағамдап қайтты.
Аймақ басшысы алдымен аудан орталығындағы №252-ші мектеп-гимназиясының жанынан салынған 375 орындық қосымша оқу ғимаратымен танысты. Бастауыш сынып оқушыларына арналған үш қабатты білім ошағында оқушылардың ой-өрісін дамытып, қабілетін шыңдап, танымын кеңейтуге барлық жағдай жасалған. Барлық кабинеттер соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Мұнан кейін, Нұрлыбек Нәлібаев Бестам ауылындағы жүгері алқабына барды. Қарт Қаратаудың етегіндегі ауқымды жобаны «Таң ЛТД» серіктестігі қытайлық компаниямен бірлесіп іске асыруда. Жобаның бірінші кезеңінде 1000 гектарға жуық алқапқа жүгері егілген. Жобаны іске асыруға облыс әкімдігі тарапынан қолдау жасалған.
ҚАЙРАТ АХМЕТОВ – СЕРІКТЕСТІК ӨКІЛІ //Қыстай 1000 гектарға жуық жер ашылды. Соның 550 гектар жеріне жүгері егілді. Тамшылату әдісіменен. Келешек жерімізді дамытуға үлкен үлес қосады деп ойлаймын. Шығымдылығы өте жоғары дәрежеде. Келер жылы 2000 гектарға жерге егеміз деген жоспарымыз бар.//
Сонымен қатар серіктестік жүгеру өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр.
Жалпы, биыл аймақта су үнемдеу технологиясымен 4,4 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары орналастырылған. Соның 2 мың гектардан астамы Шиелі ауданының үлесінде. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев компанияның озық тәжірибесін басқа шаруашылықтарға таратуды және енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, шаруа қожалығына жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.