Биыл өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті деп танылған 14 жұқпалы ауруға қарсы 7 жарым млн ветеринариялық препарат сатып алу жоспарланған. Қазір оның 5 млн 700 мың дозасы әкелініп, төрт түлікке егіліп жатыр. Оған қоса, 6 түрлі энзоотиялық ауруға қарсы екпе сатып алуға облыстық бюджеттен 284 млн теңге қаралған. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев баспасөз брифингінде айтты.

 Бруцелла вирусы да малға маза бермей тұр. 9 айдың ішінде 1 млн 269 мың басқа диагностикалық зерттеу жүргізіліп, 3 ірі қара мен 159 бас уақ малдан бруцеллез анықталды. Олардың бәрі ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай сойылды. Ветеринар мамандардың айлық жалақысын көтеріп, материалдық-техникалық базасын жаңарту жолға қойылған. Ол үшін 30 қызметтік автокөлік, 23 дана компьютер мен 23 дана термочемодан сатып алынды. Ал, ветеринарлардың жалақысы соңғы екі жылда 50 пайызға өскен.

Өңірімізде қауіпті мал ауруларымен күрес, оның алдын алу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Қандай мәселе бар? Бұл тақырып төңірегінде «Жаңалықтардан» соң «Анықтаймс» хабарында талқылайтын боламыз. Студия қонағы – облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.