Өңірге жұмыс сапарымен келген көлік министрі Марат Қарабаев қаланың сол жағалауында бой көтерген жаңа автовокзалдың жұмысымен танысты.
Сыйымдылығы 200 адамға шақталған автовокзалда күту залымен қатар ана мен бала, жүргізушілердің демалыс бөлмесі қарастырылған. Сонымен қатар, медициналық-санитарлық көмек көрсету, диспетчерлік бекет және жүк сақтау камералары секілді қажетті қызмет түрлері бар. Мүгедектігі бар жандардың кедергісіз қозғалысы үшін қажетті құрылғылар да орнатылған.
Қазір сапаржайда жолаушыларды түсіру үшін – 6, ал сапарға шығатындар үшін – 11 перрон жұмыс істеп тұр. Марат Кәрімжанұлы мұнан кейін, «Экотакси» қызметімен танысты. Кореялық автокөлікті қуаттау үшін қала бойынша 8 станса орнатылған. Оның 5-еуі қалалық автобус паркінде орналасса, қалғаны автовокзал маңында. Сапар барысында көлік министрі атқарылып жатқан жұмыстарды бағамдап, оң бағасын берді.