Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Португалия Республикасына сапары аясында Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер альянсының 10-шы Жаһандық форумына қатысты.

 Шарада адамзатты алаңдатқан өзекті проблемалар және оларды еңсеру жолдарын жетілдіру мәселелері талқыланды. Палата Спикері Форум алаңында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерришпен және Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен екіжақты кездесулер өткізді. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Жаһандық форумға қатысушыларға ілтипат білдіріп, бүкіл адамзаттың игілігі үшін халықтар, мәдениеттер және діндер арасындағы диалогты ілгерілету жолында Альянстың миссиясы айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Біріккен Ұлттар Ұйымының Өркениеттер альянсы елдер мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, сондай-ақ, жауласуды, алалауды және ксенофобияны еңсеруге ықпал етеді. Біз Альянспен арадағы көпжылдық серіктестігімізді жоғары бағалаймыз. Қазақстан Альянстың Достар тобының мүшесі ретінде оның іс-шараларына белсенді қатысады және осы ұйымның бастамаларын әзірлеп, іске асыруға өз үлесін қосады. Біз алдағы уақыта да БҰҰ-ның өркениетаралық диалогты көздейтін мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға үлес қосуға дайынбыз. Альянстың мәдениеттерді жақындастыру, экстремизм мен терроризмге қарсы тұру, діни, нәсілдік және этникалық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы ұстанымын қолдаймыз.