#qyzylordatv
Он екінші тамыз – халықаралық жастар күні. Атаулы мерекеге орай аймақта 10 күн бойы арнайы тақырыптық бағыттағы шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов хабарлады.
Жоспарға сәйкес, 2-і мен 12-ші тамыз аралығында әр күнге арнайы тақырыптық атау беріліп, түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізу көзделген. Олардың қатарында экологиялық акциялар, мәдени бастамалар, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, қайырымдылық және еріктілік бағытындағы жобалар бар. Бас-аяғы 10 күннің ішінде 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 50 мыңға жуық жас қамтылмақ. Осы бастама арқылы ел ертеңіне баланған буынның қоғамдық өмірге көзқарасын айқындап, белсенділік рухқа бастау жоспарланып отыр.
РУСЛАН КАЮПОВ – ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ /Онкүндік аясында күн сайын белгілі бір тақырыпқа негізделген іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, «Жастар және тазалық», «Жастар және денсаулық», «Жастар және білім», «Жастар және еріктілік», «Жастар және заң мен тәртіп», «Жастар және адал еңбек», «Жастар және достық», «Жастар және Абай», «Жастар және дәстүр» бағыттары бойынша түрлі мазмұндағы жұмыстар жүргізіледі. Бұл шаралар арқылы жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына, экологиялық, мәдени, құқықтық және рухани мәселелерге деген көзқарасын қалыптастыру көзделіп отыр. Мәселен, сенбілік акцияларынан бастап, зияткерлік ойындар, кітап оқу марафондары, қан тапсыру бастамалары, ұлттық құндылықтарға негізделген мәдени кездесулер, өнер байқаулары мен жастарға арналған ашық диалог алаңдары ұйымдастырылады/