Негізгі Жаңалықтар Ақын Елубай Әуезов дүниеден озды

Ақын Елубай Әуезов дүниеден озды

#qyzylordatv 

Ақын, журналист Елубай Әуезов 59 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Шығармашылық иесі әсіресе 50 жастан кейін өндіріп өлең жазып, парасатты поэзия әлемінде есімін әйгіледі. Ол халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері еді. Сыр перзентінің өлеңмен өрілген өмірі турасында әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.  


 Елубай Әуезов 1967 жылы Сырдария ауданы, Бесарық ауылында дүниеге келген. Қызылордадағы Николай Гоголь атындағы педагогикалық институтының түлегі. Алғашында өзі туып өскен Бесарық ауылындағы №147 мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Одан соң облыстағы қос телеарнада 10 жылға жуық еңбек еткен. «Сыр бойы» және «Ел тілегі» газеттерінде бөлім меңгерушісі, бас редактор секілді жауапты қызметтердің де тізгінін ұстады. Ал күні кешеге дейін «ҚазАқпарат» агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарды. Елубай Жұбанұлы тілшіліктің тінінде жүрсе де өмір бойы өлеңге адал болып өтті. 


 Елубай аға соңғы жылдары поэзияның пырағын мініп, өндіріп жазды. Тіпті, әлеуметтік желіге бір тәулікте 10 шығармаға дейін жариялағанына өлеңсүйер қауым куә. Ол осылай жанығып жазды, өткен күндерін сағынып жазды, белгісіздікке табынып жазды. Мүмкін, тағдыр талқанының таусылуға таяғанын кеудедегі сыртылдақ сағаты сездірді ме екен?! Әлде, журналистикада жүріп жұтылған жылдарын жырымен өндіріп алғысы келген де болар. Әрине, оның нақтысын біз енді тап басып айта алмаймыз. Білетініміз, ерінбесең елуден кейін де Елубайдай тегеурінді туындылар жазып, тарихта атыңды алтын әріппен әйгілеуге болады екен.


 Елубай ағаның шымыр шумақтары «Жыр тұғырым– тәуелсіздік», «Бесарық бастауы», «Сүйген жүрек», «Сырдың сырлы сандығы» секілді ұжымдық жыр жинақтарына енді. Ал айналдырған 2-3 жылдың бедерінде «Мен таныған тылсым» және «Түпсана жаңғырығы» секілді қос кітабы жарық көрді. Шыны керек, Елубай аға өлеңде бабадай байсалды болғанымен, өмірде баладай аңғал еді. Көңіл көйлегінің кеңдігі сол, сәл нәрседен қуаныш көре алатын жайсаңдығы жазира-тын. Ол қожыраған қоғамнан өзін түсінетін адам іздеп өтті. Сондықтан, рулас емес, рухтастарды маңайлады. Тіпті, жанына жақын інілеріне «Ағау» деп те еркелейтін. Ол сондай шығармашылық пен шыншылдық қалпына құйылған адам болды. Өкініштісі, өмірге, өлеңге іңкәр жүрек енді мәңгі соқпайды.


 Айта кетейік, ақын, журналист Елубай Әуезовтің парасатты пайымы хатталған «Параллель» хабары бүгін 20:55-те біздің арнада көрсетілмек.   


Бөлісу

Аймақтық телеарналар