Негізгі Жаңалықтар Тұрғындарға 90 пәтер табысталды

Тұрғындарға 90 пәтер табысталды

#qyzylordatv 

Қаланың сол жағалауында 90 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне табысталды. Жаңа баспана әлеуметтік осал топтағы отбасыларға берілді. Салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жаңа тұрғын үй иелерін қоныс тойымен құттықтады. 


 Баспаналы болғандардың бірі – Анита Өмірзақова. Жалғызбасты ана үй кезегіне тұрғанына 13 жылға жуықтапты. Осыған дейін, үш баласымен бірге жалдамалы пәтерде күнелтіп келген отбасының енді өз шаңырағы бар.


АНИТА ӨМІРЗАҚОВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ 

 Бұған дейін жалдамалы пәтерлерде тұрып келдік. Енді өз өзіме сенбей тұрмын. 13 жыл күткен үйім. Екі бөлмелі. Үйдің сапасы керемет. Әдемі екен. Бәрі ұнады. Бәрі аппақ. Қуанып жатырмыз.


 Бес қабатты екі үйдің бірінен пәтер алғандардың қатарында Мадина Байкенова да бар. Мүгедектігі бар баласымен бірге пәтерден пәтерге көшіп жүрген ана көптен күткен пәтеріне қол жеткізіп, қуанышқа кенеліп отыр.


МАДИНА БАЙКЕНОВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ 

 Осы күнді көп күттік. Тұрғын үй кезегінде 12 жылдай тұрдық. Қуаныштымын. Сол жағалау жақсы дамып келе жатыр. Ойын алаңдары бар екен балаларға. Үш бөлмелі кең үй. Рақметімді айтамын.


 Қаланың сол жағалауы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қатары артып отыр. Тұрғындарға табысталған 90 пәтерлі екі тұрғын үйдің жалпы аумағы 7 мың шаршы метрден асады. 


МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ 

 Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен берекелі бірлігіміздің арқасында өңірде тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қарқынды жобалар жүзеге асуда. Соңғы төрт жылда облысымызда тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді. Осылайша 30 мыңнан аса жерлесіміз баспаналы болу бақытына ие болды.


 Өңірде баспана құрылысы жүйелі жалғасып келеді. Соңғы төрт жылда 8 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлаған. Баспана кезегін азайту бағытындағы жұмыстар әлі де жалғаса бермек. 2026-2027 жылдары 6 мың 200 отбасыға пәтер табыстау жоспарланған. Бұл үйлерге шамамен 25 мыңдай тұрғын қоныстады.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар