Белгілі этнограф-ғалым, өлкетанушы Тынышбек Дайрабайдың 80 жасқа толуына орай «Сыр өңірінің тарихы: зерттеулер нәтижесі мен өзекті мәселелер» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.

Тынышбек Дайрабай ғылым жолында ұзақ жыл еңбек етіп, ұлт мәдениетінің қалыптасуындағы талай тарихи деректерді жинақтаған. Туған елдің тарихын зерделеп, әдебиеті мен мәдениетін тануға саналы ғұмырын арнаған ақсақал биыл сексенге толды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесіне конференция барысында сый-құрмет көрсетілді.

ҚЫЛЫШБАЙ БИСЕНОВ – ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР
"Қай жерде болмасын әуелі өзіміздің өңіріміздің тарихын білуіміз керек. Қазір ғана ағамыздың биографиясын қарасам 1200-ден астам мақала, оның ішінде 30-дан астам кітап шығарған. Ағамыз кезінде партия совет қызметінде болды. Негізгі бірінші мамандығы – журналист. Сол мамандықты бітіріп, елдің, халықтың ортасында жүріп, онан кейін Тәуелсіздік алғаннан кейін әкімдер институты өмірге келген кезде Тереңөзек әкімінің орынбасары болған ағамыз. Сол 95 жылдан бастап осы уақытқа дейін тек қана шығармашылық еңбекпен айналысып келе жатыр."

Тынышбек Дайрабайдың қаламынан туған «Тоғанас батыр», «Қаңлы Жүсіп», «Кете Шөмекей шежіресі», «Қорқыт ата» энциклопедиясы, «Төребай», «Кете Жүсіп», «Дүр Оңғар», «Мұзарап ақын», «Сырдың сырлы сыры», «Түркістан альбомы», «Сыр перзенттері», «Билер сөзі киелі», «Жеті тараудағы жеті анық», тағы басқа кітаптары ел тарихының қазынасын еселей түсті.Сыр өңірінен шыққан атақты би, батыр, көсем, шешен, ақын, жыраулардың шығармаларын жинаудағы еңбегі орасан. Этнографтың тағы бір үлкен еңбегі – Ресей мемлекетінде сақталған «Түркістан 1866-1872» атты альбомын елге әкелуі. Бұл жәдігердің қазақ тарихы үшін құны жоғары.

СӘТБАЙ ТАСТАНБЕК – ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАУЫМДАСТЫРЫЛҒАН ПРОФЕССОРЫ
"Ол кісі шын мәнісінде халқымыздың мәдени өмірінде өлкемізде із қалдырған азаматтардың бірі. 1969 жылдан бастап Сыр өңіріне қатысты барлық аңыз әңгімелерді, деректерді, көрнекті қайраткерлер, ақындар, батырлар, совет қызметкерлері оның ішінде репрессияға ұшырағандар бар солардың барлығын зерттеп, атқарды. Сондықтан бұл кісі өте мол мұра қалдырды деп айта аламыз."
ТЫНЫШБЕК ДАЙРАБАЙ – ЭТНОГРАФ-ҒАЛЫМ, ӨЛКЕТАНУШЫ
"Менің еңбегімді көтеріп, атқарған жұмыстарымды айтып, біраз көтерді. Сондықтан мұндай атақ ізденумен келеді. Ғылыми еңбектер жазумен келеді. Осы конференциядан кейін маған тағы бірнеше дүниелер жазуға серпін әкелді деп ойлаймын."

Ұлттық құндылықтың жоғын түгендеп, барын бағалай білуде азаматтық ұстаным, адами қалыбымен танылған ғалымның ғибратты жолы ұрпаққа үлгі.