«Мөлдір өлең» ұлттық жобасы: Сыр ақындары топ жарды
#qyzylordatv
Өлең – адамның ішкі әлемінен жарып шыққан сөздің ең мөлдірі. Бір шумаққа тұтас ғұмырдың қуанышын, бір жолға жүректің мұңын сыйғызатын поэзияның құдіреті де осында. Сыр өңірінде өткен «Мөлдір өлең» ұлттық жобасының қорытынды кеші – сөз өнерінің қасиетін тағы бір мәрте айшықтай түсті.
Ақпарат ағыны арнасынан асып, уақыттың өзі жылдамдыққа айналған бүгінгі қоғамда жырдың үні жиі естіле бермейтіні жасырын емес. Осындай сәтте сөз өнеріне жаңа тыныс беріп, ақын мен көрерменді қайта қауыштырған «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасының финалы Қызылордада өтті.
Елмізде алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды жобаға 17 облыс пен 3 қаладан 60 ақын қатысып, төрт ай тартысқа түсті. Жобаның басты мақсаты – қазақ поэзиясын кеңінен насихаттап, ақындарға жаңа шығармашылық мүмкіндік беру.
Қорытынды кеште Шымкент қаласы мен Сыр өңірінің атынан сынға түскен алты ақын финалдық додада өнер көрсетті. Алғашқы айналымда қатысушылар өздері таңдаған қаламгердің жырынан үзінді оқып, поэзияға деген талғамын танытса, екінші кезеңде ақындарға көрермендер ұсынған бес сөз берілді. Осылайша қас-қағым сәтте ойдан өлең құрап, сөз саптаудағы шеберлігі сыналды.
Нағыз поэзиялық дода соңғы кезеңде қызы түсті. Дуэльге шыққан дүлдүлдер жыр дестесін ағытты. Жобаның әр кезеңінде ақындар үшін шығармашылық бәсекемен қатар, үлкен тәжірибе болды.
Ақынның сөзі кейде бір адамның жүрегін өзгертеді. Ал жыр кешінде бас қосқан көрерменге жеткен өлеңнің әсері тіпті бөлек. Мұндай рухани жүздесулер сөз өнерін дәріптеп қана қоймай, көпшілікті күнделікті қарбаластан бір сәт арылтып, поэзияның сырлы әлеміне бойлауға үндейді.
Үш кезеңге созылған тартысты додада көрерменнің ықыласы мен қонақтардың дауыс беруі нәтижесінде Сырдың сөз зергерлері жеңіске жетті. Қызылордадағы ақындар ақтық сында топ жарып, «Мөлдір өлеңнің» келесі кезеңі – «Суперкубокқа» жолдама алды.
АРАЙЛЫМ МАШАРАПҚЫЗЫ: Бұл кеш – өлеңнің табиғаты мен тылсымын бірге сезінетін рухани жүздесу. Ақынның ойы мен оқырманның көңілі тоғысқан осындай сәтте поэзияның мәңгілік өнер екеніне тағы бір көз жеткіземіз.