Негізгі Жаңалықтар Жалағаш ауданына жаңа әкім тағайындалды

Жалағаш ауданына жаңа әкім тағайындалды

#qyzylordatv 

Кадрлық өзгеріс. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Жалағаш аудандық мәслихатының келісімдері негізінде облыс әкімінің өкімімен Жалағаш ауданының әкімі лауазымына Төрәлиев Ерлан Кәрімбекұлы тағайындалды.


  Ерлан Кәрімбекұлы 1977 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Өнеркәсіп және азаматтық құрылыс», «Экономика және менеджмент» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын «Фармация» акционерлік қоғамында менеджер болып бастап, кейін мемлекеттік органдар мен жеке секторда түрлі жауапты қызметтер атқарған. 2004-2013 жылдары облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы және облыс әкімінің кеңесшісі болды. 2013-2020 жылдары жеке құрылыс компаниясының директоры, «Мемсараптама» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары, сондай-ақ «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары болып еңбек етті. Ал, 2022 жылдың сәуір айынан бастап облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Актив отырысында аймақ басшысы Ерлан Кәрімбекұлына мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруды тапсырды. Сондай-ақ, Мұрат Ергешбаев осыған дейін аудан әкімі қызметін атқарған Ардақ Ибраимовтың еңбегін ерекше атап өтіп, алғысын білдірді.

Бөлісу