Заңсыз қоқыс алаңдары тазартылды
#qyzylordatv
Тазалық турасында және бір ақпар. Белкөл кентінде рұқсат етілмеген аумақты қоқыс алаңына айналдырған бірнеше дерек анықталды. Осыған орай экология департаментінің мамандары тексеріс жұмыстарын күшейтсе, ал коммуналдық сала қызметкерлері төңіректі тазалауға кірісті.
Белкөл кентінің маңында шағын өндіріс ошақтары көп. Олардың дені тазалық талаптарын сақтай бермейтіні жасырын емес. Әсіресе, құрылыс және тұрмыстық қалдықтар кенттің көркін қашырып тұр. Сондықтан осы мәселеге тұрғындар да жиі шағым білдіруде. Арнайы тексеріс барысында экология департаментінің мамандары проблемалық аумақтарды анықтап, кәсіп иелеріне ескерту жасады. Ал тазалық сақшылары үйіндіге айналған қоқыс алаңын дереу тазартуға кірісіп отыр. Айта кетейік, мамандар тарапынан мұндай тексеріс жұмыстары өңірдің өзге де аумақтарында жүргізіліп, ережеге енжар қарағандарға айыппұл салынбақ.
НҰРСҰЛТАН ӘБІЛДАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ
2026 жылдың бірінші жарты жылдығында аймақта осындай 53 учаске анықталып, олардың 50-і қазірдің өзінде тазартылды. Тұрғындардар да проблемалық аймақтар туралы бізге жиі хабарласып тұрады. Мұндай хабарламалардың басым бөлігі «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы келіп түседі. Экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тексеріс жұмыстары жалғасын табады