Ауыл тұрғындарына құқықтық кеңес берілді
#qyzylordatv
Алимент, шағын несиелер, мұрагерлік және атқарушылық іс жүргізу. Жақыпбек Махамбетов ауылының тұрғындары әділет департаментінің қызметкерлеріне осы мәселелер бойынша жүгінді. Елді мекенге арнайы келіп, көшпелі қабылдау ұйымдастырған мамандар құқықтық көмек көрсетті.
Әдетте тұрғындар өздерін толғандырған сауалдардың жауабын білу үшін мекемелерді жағалауға мүмкіндігі бола бермейді. Мәселе туындай қалса қайда жүгіну керектігін, қандай құжаттар дайындау қажеттігін немесе заңмен қандай құқықтар кепілдендірілгенін біле бермейді Әсіресе, құқықтық сауаттылыққа келгенде тартынып қалатынымыз жасырын емес. Осыны ескерген Әділет департаменті тұрғындардың мамандармен тікелей тілдесуіне мүмкіндік жасап отыр. Мұндай формат заңнамалық өзгерістерді түсіндіріп қана қоймай, нақты сұрақтарға жауап береді.
Шынында азаматтар көпшілік кездесулер кезінде өз мәселелері туралы ашық айтуға қымсынады. Кейбір мәселелер жеке немесе отбасылық сипатта болады. Сондықтан жеке кездесу барысында тұрғындар өз жағдайларын егжей-тегжейлі талқылап, мәселені шешу жолдары туралы түсініктеме ала алады.
Сауалдардың басым бөлігі микроқарыздарға қатысты болды. Тұрғындарды қарызды өтеу шарттары мен қарыз алушы ретіндегі өз құқықтары қызықтырады. Назар аударылатын тағы бір мәселе – мұрагерлік. Азаматтар мұраны қабылдау рәсімі, қажетті құжаттарды дайындау және нотариуске қалай жүгіну керектігі туралы түсініктемелер алды. Бұл кеңес беру шараларына түрлі сала мамандары, соның ішінде сот орындаушылары мен нотариустер қатысуда.
Кездесу барысында тұрғындар жолдардың жағдайы, көшелерді жарықтандыру мен абаттандыруға, сумен жабдықтауға, әлеуметтік және көлік инфрақұрылым мәселелеріне де алаңдаушылығы білдірді. Мұндай жүздесулер ақпарат алумен ғана шектелмей, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы тікелей диалог алаңына да айналып отыр.