10 айда Қазақстан экономикасы 4,9%-ға өсті. Ал, өңірлер арасында Қызылорда облысы үздік үштікке енді. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Бұл туралы "Қызылорда" телеарнасы хабарлады. 
Жиында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ел экономикасының дамуы туралы баяндады. Айтуынша, Қазақстан экономикасының өсу қарқыны бәсеңдеген жоқ. Әсіресе құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік саласында оң динамика қалыптасып отыр. Жалпы 10 ай ішінде мемлекеттік бюджетке 15,5 трлн теңге кіріс түсіп, жоспар 98,3%-ға орындалған. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны да жоғары. Өңірлер арасында үздік үштікте Қызылорда облысы бар. Осы орайда Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің тапсырмаларын орындау бойынша жиналыс өткізіп, жыл соңына дейін әлеуметтік-экономикалық дамудың нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу мәселесін пысықтады.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ

"2023 жылдың қаңтар-қазан айларында барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты. Соңғы 8,9,10 айлардың қорытындысы өте жақсы. Алғашқы үштікте келе жатырмыз. Оны жаңа Үкімет басшысы да айтып өтті. Әрі қарай осы жұмыстарды жалғастыруымыз керек. Төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі мен өңдеуші өнеркәсіп өндірісі өткен айдан бері оң динамикаға шықты. Аудандар мен Қызылорда қаласы бойынша макрокөрсеткіштердің оң қарқыны қамтамасыз етілген. Ендігі міндет – экономиканың өсу қарқынын жыл қорытындысымен қамтамасыз ету."