«Дүрлердің дүбірінен жеткен дауыс». Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші, жыршы-жырау Елмұра Жаңабергенова Қызылордада шығармашылық кешін өткізді. Елдің мұрасын арқалап, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп жүрген Елмұра Жаңабергенова Арал өңірінің тумасы. Нұртуған жыр мектебінің өкілі 8 жасынан бастап қазақтың үкілі домбырасын қолға алып, өнерге қадам басты. Елмұраның киелі сахнада жүргеніне биыл – 35 жыл.
Өнер иесінің шығармашылық кешіне облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысып, аймақ басшысының құттықтауын жеткізді. Елдің ықыласына бөленген Елмұра өзінің «Жыр бастауынан» бастап Тұрмағанбет, Нұртуған, Нартай мен Майлықожаның жыр-термелерін орындады. Кеште сондай-ақ Елмұра Жаңабергенованың қызы әрі шәкірті Салтанат Ерсұлтан өнер көрсетіп, халықтың батасын алды. Осылайша қос ішектен төгілген қоңыр үн көрерменге рухани демалыс сыйлады.