Өнер өлкесінде өшпес із қалдырған сазгер
#qyzylordatv
Мәдениет саласының үздігі, белгілі сазгер, әнші Мейрамбай Бектасов туған жері Бесарық ауылында шығармашылық кешін өткізді. «Өнер өлкесіндегі өрнекті із» атты есеп беру концертінде композитордың танымал туындылары орындалып, тыңдарман рухани азық алып тарқасты.
Берекелі Бесарықта дүние келген Бектасов жастайынан өнерге жақын болды. Мектеп қабырғасында жүргенде сыныптасы Асылбек Өтепов екеуі «Ақбантик» ансамблін құрып, өнер ұжымы көптеген аудандық, облыстық байқауларда топ жарды. Ауылдан шыққан өнерлі жас Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының музыка-ән факультетіне оқуға түсіп, кәсіби маман атанды. Алғаш еңбек жолын Қызылорда қаласындағы № 43 мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып бастады. Кейін Тасбөгет кентіндегі балалар музыка мектебіне ауысып, ұзақ жылдар шәкірт тәрбиеледі. Мектеп жанынан «Қорқыт ата» фольклорлық этнографиялық ансамблін құрды.
Сыр өңірінің талантты сазгері, ұлағатты ұстаз, әнші Мейрамбай Бектасов «Сырдария жырдария», «Еңбекші қазақ вальсі», «Берекелі Бесарық», «Амангелді вальсі», «Түргенім», «Жырла жүрек» сияқты жетпіске жуық әннің авторы. Оның шығармалары негізінен туған жерге деген іңкәр сезім, мөлдір махабаттан туындайды.
Мейрамбай Бектасовтың жетпіс жылдығына арналған шығармашылық кеште композитордың өмірдегі, өнердегі достары келіп, ақжарма тілектерін айтты. Мерейтой иесіне Сырдария ауданы әкімінің құттықтау хаты табысталып, құрмет көрсетілді.
Саналы ғұмырын қазақ өнерінің дамуына арнаған Сырдың сыршыл сазгері кеште өзінің шәкірті Руслан Садықовпен бірге «Аға мен іні» әнін орындап, жерлестерінің ыстық ықыласына бөленді.