Қобызшы Ф.Балғаеваның 100 жылдығы аясында ғылыми-тәжірибелік семинар басталды
#qyzylordatv
Облыс орталығында Қазақ ССР Халық әртісі, профессор Фатима Балғаеваның 100 жылдығына арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік семинар басталды.
Фатима Жұмағұлқызы – кәсіби қобыз өнерінің негізін қалаған, Қорқыт бабадан жеткен киелі аспапты әлемге паш еткен өнер иесі. Қобыз арқылы түрлі шығарманы нақышына келтіре орындап қана қоймай, дәстүрлі музыкамен қатар, отандық композиторлардың, Батыс Еуропа классиктерінің шығармаларын дүйім жұртқа таратқан талантты тұлға. Ұлттық өнердің жарқырай көрінуі жолында қажырлы еңбек еткен қобызшының шәкірттері бүгінде мәдени мұраларымызды дамыту ісіне атсалысуда. Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыкалық колледжінің ұйымдастуымен өткен ғылыми тәжірибелік семинарға кәсіби қобызшылар мен оқытушылар, студенттер қатысты. Жиында ұстаздың өнегелі өмір жолы, музыкалық мұрасы, қобыз өнерінің дамуы кеңінен айтылды.
МҮСІЛІМ ӘМЗЕ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ҚАЗАНҒАП АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА ЖОҒАРЫ МУЗЫКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Фатима Балғаева туралы айтатын болсақ, ең алғаш қобыз аспабын алып, оның профессионал маманы болып шыққан, Ахмет Жұбановтың шәкірті болған, Құрманғазы оркестрінде концертмейстер болып бірнеше жылы қызмет еткен, қазірге дейін жеткен бүкіл қобызшылардың неше буынын тәрбиелеп шығарған тұңғыш профессионал қобызшы апамыз болып есептеледі. Бұл семинарда қобыз аспабының даму жолы, ойнау методикасы, репертуар жөнінде ойларымызды ортаға саламыз. Ол өскелең ұрапақтың, қобызшылардың дамуына ықпал етеді деп сенеміз.