«Ән қанатындағы өмір» оқырманға жол тартты
#qyzylordatv
Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын-жазушы Темірбек Есжановтың «Ән қанатындағы өмір» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Танымдық кеште қаламгердің азаматтық болмысы мен шығармашылығы туралы сөз болды.
«Ән қанатындағы өмір». Жаңа туындыда халқымыздың ән өнерін асқақтатып жүрген дарынды тұлғалар мен күміс көмей әншілердің өмірі мен шығармашылығы кеңінен қамтылған. Сонымен қатар, өнердің адам жанына әсері, ұлттық мәдениеттегі орны мен рухани құндылығы терең толғаныспен суреттелген. Жинақта қазақ ән өнерінің дамуына үлес қосқан өнер иелерінің шығармашылық жолы, олардың өнерге адалдығы мен халық ықыласына бөленген тағдырлары әсерлі баяндалады.
ТЕМІРБЕК ЕСЖАНОВ – ҚАЗАҚСТАН ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, АҚЫН-ЖАЗУШЫ
Мен осы жинаққа қазақтың ертеден келе жатқан талай ауыз әдебиетінен бері қарай бастап белгілі компазиторларының өмірін зерттедім. Осы кітапты үш жыл жаздым мен. Ондағы ойым кейінгі ұрпақ оқып, ғибрат алатын болса біздің өнер тарландарымыздың өмір жолын білсе. Біз атын білеміз ғой мысалы Сегіз сері дейміз немесе Қорланды жазған Естай дейміз немесе Ілия Жаханов дейміз, Роза Бағланова дейміз. Атын білеміз бірақ олардың тағдырын білмейміз ғой. Мен осы өнер иелерінің тағдыры теп-тегіс болмағанын, қиындықтарын, қызығын бәрі қосып жазуға тырыстым. Оқырман жылы қабылдап жатыр. Пікірлерін де айтып жатыр.
Темірбек Есжанов саналы ғұмырын ұстаздыққа, қоғамдық қызметке және әдебиет пен руханиятқа арнаған азамат. Әр жылдары білім, өндіріс және бұқаралық ақпарат салаларында жемісті еңбек етіп, ел игілігі жолында абыройлы қызмет атқарды. Оның қаламынан туған «Жақсыларда жаттық жоқ», «Көз көрген», «Гауһартас», «Керуен», «Ақ толқын», «Бір нәзік сәуле», «Қызылқұмның қызы», «Ауылдан аттанғандар», «Толғауы тоқсан тіршілік», «Беласқан», «Оң қанатындағы өмір» атты әдеби-танымдық еңбектері көптеген оқырман қауымның ықыласына бөленіп, ұлттық руханият қорын байытуға өзіндік үлесін қосты.
Танымдық іс-шарада сөз алғандар ақын-жазушының өмірі мен шығармашылық еңбектерін кеңінен айтып, оның ұлттық әдебиет пен мәдениетке сіңірген еңбегін жоғары бағалады.
Рухани кеште қазақтың классикалық әндері шырқалып, жаңа жинақтан үзінділер оқылды. Осылайша, қазақ руханияты тағы бір мазмұнды туындымен толықты.