«Қарапайым адам» комедиясы сахналанды
#qyzylordatv
Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрының өнерпаздары алғаш рет Қызылордаға гастролдік сапармен келді. Театр труппасы екі күн қатарынан өнерсүйер қауымға таңдамалы қойылымдарын ұсынды. Соның бірі – сербиялық атақты драматург Бранислав Нушичтің пьесасынан алынған «Қарапайым адам» комедиялық қойылымы Сыр жұртшылығына ерекше әсер қалдырды.
Туындының аты айтып тұрғандай оқиға «қарапайым» ауылдан басталады. Еш уайымсыз тіршілік жасап жүрген отбасы. Күнделікті қайталанатын қарапайым сәттер. Алайда, басты кейіпкердің бірі – Айко есімді жас келіншектің өмірі мүлдем өзгеше еді. Өлең-жырға құмар, қиял әлемінде өмір сүретін ауыл тұрғынының әр күні, әр сәті қызыққа толы. Күндердің бір күнінде қаладан күтпеген қонақ келеді. Жай қоноқ емес, көпке танымал ақын. Ол Ақжан еді. Қаламгер өзінің өлеңдері арқылы билікке қарсы сөз айтқандықтан, 6 айға сотталады. Бірақ, ол әділетсіздікке көнбеді. Өзін аман алып қалу үшін қашып кетіп, басына пананы осы жерден табады.
Осылайша, ауыл жұрты алыстан ат терлетіп келген жанды құшақ жая қарсы алды. Дәстүрге сай құрметін көрсетті. Ауылға келісімен ақынның өмірі өзгереді. Өз ғашығын кездестіріп, талай жыл іздеген бақытына жетеді. Өнер ұжымы осы қойылым арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, терең ой да салады, ауылдағы өмірмен таныстырады. «Қарапайым адам» деп аталатын бұл пьесаны сербиялық жазушы Нушич Браснислав жазған.
Сыр өңіріне гастрольдік сапармен алғаш рет келген театр ұжымы қызылордалықтарға мұнан бөлек «Жалқаудың» жыры ертегісі мен «Мөлдір махаббат» драмасын да ұсынды. Көрермен қауым әртістердің өнеріне оң баға беріп, бір серпіліп қалды.
Гастрольдік сапар тек көрерменге қойылымды сахналап беру ғана емес, әр өңірдің театр ұжымымен шығармашылық байланыс орнатып, тәжірибе алмасу, дейді әртістер.