Құқық бұзушылыққа қарсы күрес күшейтіледі
#qyzylordatv
Жыл басынан бері бір азамат 151 рет жол жүру ережесін бұзған. Дәл осылай жол қозғалысын жиі бұзатын 21 жүргізуші есепке алынса, отбасында жүйелі түрде жанжал шығаруды әдетке айналдырған 63 тұлға анықталып отыр. Бұл деректер облыстық полиция департаментінде өткен құқық бұзушылар арасындағы профилактиканы күшейту бойынша ведомствоаралық жиналыста кеңінен талқыланды.
Жыл басынан бері полицияға әйеліне тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған азаматқа қатысты 9 мәрте шағым түссе, тағы бір тұрғынның туған анасын 6 рет ұрып-соққандығы анықталыпты. Тіпті бұл жағдай шілде айында үш рет қайталанған. Ведомствоаралық жиын деректерді тізіп, кінәліні іздеу емес, профилактиканы күшейтуге бағытталып отыр. Бас прокуратураның Аналитикалық ақпараттық жүйесіне сәйкес, облыс бойынша күшейтілген профилактиканы талап ететін бірқатар азамат енгізілген.
ФАРХАТ ИМАНҒАЛИЕВ - ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТИСТИКА ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЕСЕПКЕ АЛУ КОМИТЕТІ ОБЛЫС БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Отбасылық тұрмыстық салада агрессорлар анықталған. Мысалы жыл басынан бастап 9 айдың көлемінде 3878 адам жалпы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, соның ішінде 63 адам жиі қайталама осындай жанжалдарды шығаратын агрессорлар анықталды. Олар 274 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған
Өңірде жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын 21 жүргізуші назарға іліккен. Олардың кейбірі 151, енд бірі 144 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құзырлы орган өкілдері айыппұлдың шектеу болмайтынын алға тартып, оларға қатысты көлік басқару құқығынан айыру мәселесін қарау ұсынылды.
ФАРХАТ ИМАНҒАЛИЕВ - ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТИСТИКА ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЕСЕПКЕ АЛУ КОМИТЕТІ ОБЛЫС БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жол ережесі бойынша 1358 адам жауапкершілікке тартылса, оның ішінде 151 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтар бар. 144 рет тартылған азаматтар бар. Негізі біз осындайдан топ 7 адамды анықтап, жиналысқа айтып отырмыз.
Елімізде кәмелеттік жасқа толмағандарға жыныстық қатынас жасағаны үшін 504 адам республикалық есепке алынған. Біздің облыста мұндай қылмысқа барған 32 адам тіркеуде. Бұл жәй ғана статистика емес. Тұрақты бақылауды қажет ететін нақты тәуекелдер тобы. Осы ретте арнайы пилоттық жоба жүзеге асуда.
ФАРХАТ ИМАНҒАЛИЕВ - ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТИСТИКА ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЕСЕПКЕ АЛУ КОМИТЕТІ ОБЛЫС БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Полиция депратаментімен бірлесіп пилоттық жоба іске қосылды. Аталған 504 адамның фотосуреттері адамдарды тану бағдарламасына енгізіліп, ол Қызылорда қаласындағы 12 мектептің жанындағы арнайы бейнебақылау камераларына интеграцияланды. Механизм қарапайым әрі тиімді. Қауіпті тұлға камера орнатылған мектептерді аймағына келіп жүрсе, департаменттің 102 арнасына автоматты түрде сигнал түседі.
Қалада ең көп қылмыс жасалатын ойын-сауық орындарының тізбесі жасалған. Облыста құқық бұзушылық қаупі жоғары 89 нысан бар. Облыс прокурорының орынбасары ойын-сауық орындарының жұмысын тоқтату тәртібін қайта қарауды ұсынды.
Тағы бір мәселе – сталкинг. Бұл санатта тұрғындардың 36 өтініші қаралса, 16-сына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Енді оларға қатысты заңды процесуалдық шешімдер қабылданбақ.