ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді
#qyzylordatv
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сай Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді.
Облыстық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мәселелері бойынша облыстық аумақтық сайлау комиссиясының алғашқы отырысы болды. Жиында 7 мәселе қаралды. Комиссия мүшелерінің дауыс беруімен облыстық мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу мен ұйымдастыруға арналған күнтізбелік жоспар бекітілді. Кандидаттарды ұсыну 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-де аяқталады. Айта кету керек, облыста жалпы 531 сайлау комиссиясы жұмыс істейді.
ӘДІЛБЕК ЕРСҰЛТАНОВ – ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Қызылорда облысында бүгінгі күні 500124-ке жуық сайлаушы бар, сондай-ақ 386 сайлау учаскелері қызмет көрсетеді. 136 округтік сайлау комиссиялары тиісті жұмыстарды үйлестіретін болады. Округтік сайлау комиссияларының жұмысы 14 қазаннан бастап жұмыс жасайды. Яғни құжат тапсыруға келген кандидаттар болса, тиісті құжаттарын заңдылыққа сәйкес қабылдап алады. Кандидаттардың құжаттарын қабылдау 14 күнге созылады. Тіркеу 1 қараша 18.00 де аяқталады. Одан кейін үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі.