Қазақ өнері Берлин төрінде ұлықталды
#qyzylordatv
Қазақтың бай рухани мұрасы, ұлттық өнері мен мәдени құндылықтары Еуропа төрінде. Германия астанасы Берлин қаласында Республика күніне арналған Сыр елі өнерпаздарының мерекелік концерті өтті. Халықаралық деңгейдегі өнер кешіне дипломатиялық корпус мүшелері, қазақ диаспорасының өкілдері, Берлин қаласында тұратын отандастарымыз бен жергілікті мәдениет жанашырлары қатысты.
Кеш шымылдығы қазақ халқының рухани мұрасының символына айналған Қорқыттың күйімен ашылды. Жыраулық өнердің жауһарлары, халық әндері, ән-айтыс үлгілері мен патриоттық әндер көрермен назарына ұсынылып, ұлттық өнердің сан қырын танытқан мазмұнды бағдарлама ұлы даладағы өнер сабақтастығын айшықтады.
Өнер ұжымының бұл сапары – ұлттық мәдениетімізді халықаралық кеңістікте насихаттаудың, өңірлер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтудың және Қазақстанның мәдени әлеуетін танытудың маңызды қадамы. Мәдени шара облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Өнер кешінде «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі кештің мазмұнын байыта түссе, «Томирис» би ансамблі ұлттық хореографияның озық үлгілерін ұсынды.
Сонымен қатар, мәдени шара аясында қонақтарға қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылып, халқымыздың қонақжайлығы мен дастархан мәдениеті таныстырылды.
МЕЛАНИ КИНИК - КӨРЕРМЕН
Әйел аударма Концерт өте әсерлі болды. Өнерпаздардың дауыс ырғағы, таланты тәнті етті. Әсіресе жеке орындаушылардың дауысы керемет болды. Мен Қазақстандықтарды Республика күнімен шын жүректен құттықтағым келеді және шақырғандарыңыз үшін үлкен рахмет
ЭЛИРИДА ФЕРИКИ - КӨРЕРМЕН
Әйел аударма Мұнда болу мен үшін үлкен мәртебе болды. Әрине, ұлттық мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, баршаңызға жақсылық тілеймін. Шоу керемет болды! Мен мұндай жарқын және әдемі қойылымды сирек кездестіремін. Шынында да, қатысқандардың барлығы керемет жұмыс жасады. Бас әнші керемет болды! Мен оның өнерін қайталап көруге тырыстым, бірақ, өкінішке орай, істей алмадым, өйткені оның талантын қайталау мүмкін емес деп ойлаймын. Менің әріптестерім де өте риза. Бұл іс-шараға қатысу шынымен бақыт болды. Бұл тамаша шоуды көру және оның бір бөлігі болу керемет сезім. Сіздерге көп рахмет!