Наубайшының бір күні
#qyzylordatv
Бүгін бүкіл әлем бойынша нан күні. Елімізде бұл атаулы күн 2019 жылы Үкімет қаулысымен бекітілді. Жақсылық пен тоқшылық, берекенің белгісі саналатын нан өнімдерін халқымыз ас атасы деп біліп, алтын дәнге құрметке қараған. Таң атпай тіршілікке кірісіп, қаланың әр түкпіріне ыстық нан жеткізетін наубайшылардың жұмыс күнімен тілшіміз танысып қайтты.
Сіз ұйықтап жатқанда... Әлдекім сіздің таңғы асыңыз үшін еңбектеніп жатыр. Ол – наубайшы. Оның жұмысы байқала бермейді. Бірақ әр үйдің дастарханына күн сайын ол дайындаған ыстық нан жетеді. Наубайшының жұмысы – ерте басталатын, үлкен жауапкершілікті талап ететін кәсіп. Майра Мұратқызы бұл салада бірнеше жылдан бері қызмет атқарып келеді. Еңбек жолын шағын цехта көмекші болып бастаған. Бүгінде үлкен ұжымда тәжірибелі маман.
МАЙРА МҰРАТҚЫЗЫ – НАУБАЙШЫ-ТЕХНОЛОГ
Менің ең бірінші жұмысым шағын наубайханада көмекші болып жұмыс жасадым. Содан бері осы салада жұмыс істеп келе жатырмын. Кішкентай кезімде арманым болатын. Нан пісіру, нанның қалай жасалуы деген сияқты. Сондай нәрселерге қызығушылық болған.
Наубайшылардың бар назары өзі дайындаған өнімде. Олар үшін жауапкершілік пен тазалық – басты орында. Тіпті телефонды да жұмысқа кірісер алдында сыртқа қалдырады. Өйткені олар пісірген дәм әрбір үйге тоқшылық мен қуаныш алып келуі керек. Наубайшы үшін ең үлкен марапат – тұтынушының алғысы. «Нандарыңыз дәмді екен» деген бір ауыз сөз кейде бірнеше сағаттық шаршауды ұмыттырады. Өйткені бұл мамандықтың адамға қуаныш сыйлайтын, күнделікті тіршілікке жылу тарататын ерекшелігі бар.
МАЙРА МҰРАТҚЫЗЫ – НАУБАЙШЫ-ТЕХНОЛОГ
Әрбір шығарып жатқан өніміміз әрбір жанұяда тұрғаны біз үшін үлкен бақыт деп ойлаймын бізге. Әрбір дастарханда тұрса, берекелі ас болып есептеледі.Өзіміздің махаббатымызды, күшімізді салып бұл өнімді шығарамыз. Әр дастарханда тұрғаннан кейін бұл бізге қуаныш болып есептеледі.
Нанның әр түрі стандартқа сай болуы керек. Қамырдың бабы мен нан өнімдеріне салынатын өрнектер, пісіру уақыты бәрі бақылауда болуы шарт. Бір күнгі тіршіліктен түйгеніміз, әр дайын өнімнің артында адал еңбек пен жауапкершілік бар.