Негізгі Жаңалықтар Технология тілін меңгерген мұғалім

Технология тілін меңгерген мұғалім

#qyzylordatv 

Мемлекет басшысы биылғы тамыз конференциясында жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізуді тапсырған болатын. Сондықтан білім беру ұйымдарында балаларды инновациялық жобаларға баулу жұмысы қарқынды. Оқушылары робот құрастыруды меңгеріп, халықаралық жарыстарда жүлдегер атанған мұғалімнің бірі – Серікбол Ералиев.


 Серікбол Ералиев 2013 жылдан бері білім беру саласында еңбек етіп келеді. Робототехникаға ел енді бет бұрып, мектептерге енгізіле бастаған тұста алғашқылардың бірі болып, балаларды жаңа салаға баулыды. Тіпті тәжірибелі оқытушы бірнеше жыл бұрын министрлік тапсырмасы бойынша робототехника пәнінен мектептерге арналған күнтізбелік жоспар жасау жұмысына атсалысты. 


 Ерінбей еңбек етіп, талмай ізденген мұғалім ғана білім биігін бағындыра алады. Уақытпен есептеспей, күрделі зерттеумен айналысатын Серікбол Мұратұлының да оқушылары осал емес. Олар – халықаралық байқаулардың жүлдегері.


АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА

Менің қолымдағы құрылғыны 6-сынып оқушылары сабақ барысында жасапты. Мына көздері арқылы 2,5 метрге дейін қашықтықтағы кедергіні анықтап, адамның даусы арқылы тапсырмалар орындайды. Телефон арқылы басқарылады. Айта кетерлігі, бұл дүниені арнайы нұсқаулық кітапшасыз оқушылар өз ойынан құрастырыпты.


 Жаһанды жасанды интеллект жайлап, ұшу аппараттары жетілген бұл уақытты дрондар дәуірі десек те болады. Сондықтан интернеттің иірімін түсініп, құлтемірге тапсырма жүктеп, қызметі сан алуан сайт жасай алатын мамандарға деген сұраныс та арта бермек. Айта кету керек, Серікбол Ералиев робототехника пәні бойынша 2019 үздік мұғалім атанса, 2023 қала әкімінің "Самғау" жастар сыйлығын иеленді.


 АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА

Технология дамыған сайын робототехниканың да маңызы артып келеді. Бұл бағыт балалардың техникалық сауатын арттырып қана қоймай, логикалық ойлау қабілеті мен шығармашылығын да дамытады. Ал жас өнертапқыштарға бағыт-бағдар беретін мамандардың еңбегі елеулі.


Бөлісу