«Шаңырақ тілеулесі» деген дәстүрді естуіңіз бар ма? Бұл наным-сенімді ертеде дана халқымыз елден жырақ кеткен ерлерді дәм-тұз туған жерге тартып тұрсын деген ниетпен жасаған екен. Яғни, ел қорғауға аттанған баласына нанның бір үзімін беріп, қалған бөлігін шаңыраққа тілеулес болсын деп сақтап қойған. «Анаға тағзым» орталығында осы сынды бірқатар ұмыт болған салт-дәстүріміз жаңғыртылып, ұлттық құндылықтар дәріптелді.

Ұлағатты жиында асыл әжелер «Анаға тағзым» орталығының босағасына май жағудан бастады. Бұл «Жаңа ғимарат берекелі-мерекелі, майдай жұғымды болсын» деген тілеу. Сондай-ақ, алты ай қыстан аман шыққан жұртшылық жақсылықта қауышқанын айғақтайды.

Бүгінде сәби күтіп жүрген жастар «гендер пати» атты рәсімді жиі жасайды. Бұл біздің ата-бабамыздан қалған той десек, артық айтқандық емес. Яғни, «Құрсақ шашу» – аяғы ауыр келіннің құрметіне ұйымдастырылатын той. Шаңырақтағы қуанышты атап өтіп әрі жүкті әйелдің күтіміне аса назар аудару тағылымды дәстүрдің негізгі нышаны. Маңызды салт-жоралғыны Асқар Тоқмағамбетов ауылының данагөй әжелері қойылым арқылы көпшілікке жіті түсіндірді.

Салт-дәстүріміз жаңғырған шарада «Шашбау тағу», «Шаңырақ тілеулесі» секілді әдеп-жоралғылар да насихатталды. Бұл рәсімдерді Абылайхан атындағы №140 қазақ орта мектебінің ұжымы қойылым арқылы көрсетіп, көпшілікке тәлім-тәрбиесін ұғындырды.

Осылайша, ұлық мереке қарсаңында ұмыт болған дәстүрлеріміз жаңғырып, өткеннің тағылымы өскелең ұрпаққа насихатталды. Бағамдасақ бұл ұлттың ұлы мұрасын дәріптеудің тиімді тетігі.