Өзі ақын, өзі әнші әрі биші. Бірнеше өнерді бойына жиған ауыл тұрғыны Раушан Жүсіпованың жаңару айында бала арманы орындалды. Мүгедектігі бар жан Аманкелді ауылдық мәдениет үйінде шығармашылық кеш өткізді.

38 жастағы Раушан Жүсіпованы өнер үшін жаралған жан дерсің. Сахнаға шыққанда жан дүниесі нұрланып, өн бойынан әдемілік пен ерекше мінез көрінеді. Арнайы білімі болмаса да бойындағы талантын тасада қалдырмаған өнерпаз шығармашылық кеште жерлестерін «Аққу» биімен тәнті етті.

РАУШАН ЖҮСІПОВА - АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ

 «Қолөнер болсын, би болсын, ән болсын, ақындық болсын халықтың алдына шыққан кезде Алладан сұрап, берген ілімдерін-қасиеттерін іске асырып өйстіп жатырмыз. 28 рет концерт бердім. Алдыңғы жылдары жыр жағынан бергенмін. Енді биыл би жағынан беріп жатырмын».

Би билеуді кейіпкеріміз 7 жасынан хоббиіне айналдырған. Бүгінде ол 6 баланың анасы. Қызығы сол, ол сахналық киімдерін де өзі пішіп, өзі тігеді.

ҒАЛИЯ АРЫНОВА - АУЫЛДЫҚ ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ

«Өзі батыр ана, көпбалалы ана, үшінші топтағы мүгедек. Соған қарамастан өлең айтады, әнші, биші, одан қала берді қолөнерден өте көптеген бұйымдар шығарып, қоғамдық жұмысқа қатты араласады. Өнегелі отбасында, өнегелі келін. Үлкенді қадірлейді, кішіге ақыл береді».

Раушан Жүсіпова біраз жылдан бері сұлулық салонында шаштараз болып жұмыс істейді. Айтуынша, өзі сияқты денсаулығында кінәраты бар жандардың шашын тегін алып береді. Жақсы табыс әкелетін кәсібі де осы. Ал, өнер арқылы бойына мол рухани байлық жинап жүргенін айтады.