Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Наурыз-думан» атты мерекелік кеш өтті. Іс-шараға Сәбира Майқанова атындағы Мәдениет үйі жанынан құрылған «Бастаңғы» әжелер ансамблінің мүшелері мен кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.

Басқосуда Ұлыстың ұлы күні - наурыз мейрамының ерекшеліктері туралы сөз қозғалып, мейрамның шығу тарихынан бастап, ұлттық дәстүрлер, наурызкөже, наурызшешек, наурызтөл терминдері талданды. Сонымен қатар, қонақкәде ретінде «Бастаңғы» әжелер ансамблі әннен шашу шашып, мерекенің ажарын ашты.

КҮЛӘШ БОДЫҚОВА - «Бастаңғы» әжелер ансамблінің мүшесі

// Наурыз айын бізден бұрын ата-бабаларымыз тойлаған, 5000 жылдық тарихы бар. Сол наурыздың мейрамдарын біз әлі жалғастырып келеміз. Ерекшілігі халықтар бір-бірімен 14 наурыз күнінен бастап «Көрісу» күнін атап өтеді. Бұл ай бізге өте ерекше ай, киелі ай деп ойлаймын. Наурыз айын тойлап, наурызкөже жасаймыз. Осының бәрін кейінгі ұрпаққа тәрбие ретінде біздер осылай насихаттап жүрміз.