Елге бақ қонатын, дастарқанға ақ толатын, тіршілік түрленіп, табиғат гүлденетін Наурыз мерекесі биыл елімізде ерекше сән-салтанатымен тойлануда. Бесарық ауылының тұрғындары Ұлыс күнінде қазан көтеріп, Наурыздың басты дәмі Наурызкөже дайындады. Балаға ат қою, тұсау кесер, селтеткізер, ұйқыашар сияқты қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғыртып, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылының көрінісін паш етті.

ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ-ТІЛШІ \Тірлігі өрге басқан, түтіні түзу ұшқан берекелі Бесарық ауылындамыз. Бүгін Ұлыстың Ұлы күнінде көктен нұр жауып тұр. Ауыл тұрғындары жауын-шашынға қарамастан Наурыз мерекесін тойлауда. Оншақты киіз үй тігілген және әр киіз үйдің алдында қазақтың салт-дәстүрлері көрініс тапты \

Қазақ халқында сәби шыр етіп өмірге келген сәттен түрлі жөн-жоралғылар жасалады. Шілдеханадан бастап бәсіре, бесікке салу, тұсау кесу, сүндет той, тілашар, танабау тағу секілді жалғасын таба береді. Әрине, мұндай салт-дәстүрлер баланың дұрыс азамат болып өсуіне үлкен септігін тигізеді. Шара барысында ауыл ақсақалы «сіздің жолыңызды берсін» деп, облыс әкіміне немересінің тұсауын кесіп беруді сұрады.

Көнекөз қариялар осылайша қазақтың дәстүрін дәріптесе, қыз-келіншектер «ұйқыашар» әзірлеп, жігіттерге ұсынды. Ұйқыашардан дәм татқан серілер «селтеткізер» салтын орындады. Бүгінде ұмыт болып бара жатқан мұндай салт-дәстүрлер мен жөн-жоралғылар Бесарықта жыл сайын жаңғырып отырады.

Бесарықтағы берекелі басқосуда облыс әкімі Нұрлыбек нәлібаев жұртшылықты тамырын тереңнен тартқан Наурыз мерекесімен құттықтады.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \Халықтың игі мәдени дәстүрлері, ізеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, қонақжайлық сияқты барлық жақсы қасиеттердің көрінісі ауылдан бастау алады.

Мерекелік жиында ұлттың ұйытқысы болып жүрген ел ағаларымен ақ жаулықты аналар, түрлі салада еңбек етіп жүрген ауыл азаматтары облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Мемлекет басшысы Наурызнаманың онкүндігі аясында «20 Наурыз - ұлттық спорт күні» деп жариялаған болатын. Осыған байланысты Бесарықта ұлттық спорт ұлықталды. Білекті жігіттер қол күрестіріп, гір тасын көтерсе, балуандар боз кілемде белдесті. Жарыс жеңімпаздарына жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен қаржылай сыйақы табысталды.