Сот төрелігін жүзеге асырудың және сот өндірісінің барынша ашықтығына қол жеткізудің ең тиімді бағытының бірі - ақпараттық технологияларды қолдану.

Осы орайда қызылордалықтар өз өтініші мен арыз-шағымын «Сот кабинеті» және «Е-өтініш» қызмет көрсету жүйелері арқылы жолдай алады. Сондай-ақ тұрғындармен кері байланыс орнату үшін әлеуметтік желілерде «Қызылорда соттары» парақшасы ашылған. Мамандардың айтуынша, бұл сервистердің басты ерекшелігі – әрбір азамат өзіне ыңғайлы уақытта, үйінен шықпай-ақ интернет арқылы сотқа талап-тілектерін жолдай алады.

     Аймағымызда сот істері «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы басқарылады. Яғни кез келген сот істері немесе арыз-шағымдар, басқа да сотқа жүгінулер электронды форматта арнайы «Төрелік» бағдарламасына орналастырылады. Сонымен қатар осы бағдарлама негізінде сотқа келіп түскен талап қоюлар, істер судьяға автоматты түрде бөлінеді. Яғни істің қай судьяның өндірісіне түсетінін цифрлық бағдарлама анықтайды. Сонымен қоса сот істерінің басым көпшілігі электронды форматта қаралуда. Осының негізінде сотта қағазбастылық біршама азайған.

САҒАТБЕК СҮЛЕЙМЕН - ОБЛЫСТЫҚ СОТТАР ӘКІМШІСІНІҢ БАСШЫСЫ

«Бізде облыс бойынша 1 жылдың өзінде біздің ғана департаментпен 60 мыңға жуық құжаттар айналымда. Солардың барлығын өңдеп, кірістеп, архивке өткізгенге дейін ең ауқымды жұмыстың барлығын атқарады. Оның ішінде азаматтық қылмыстық, әкімшілік басқа да құжаттар бар. сонымен қатар арыз-шағымы бар. соның бәрін осы ұжым қабылдап, соншама құжаттың бәрін «Төрелік» бағдарламасы арқылы жүйелеп отырамыз. Енді бізде бұл жүйе жолға қойылған, бұған күнделікті мониторинг жүргізіліп отырады. Біз де сондай мониторингпен кеткен кемшілігімізді уқатылы жөндеп отырамыз."