Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірде пиязды 30 теңгеден сату міндеттелді. Жыл басында қоймадағы көкөністерді тұтынушыларға арзан бағамен сату тапсырылған болатын. Өйткені, қордағы көкөністер көктем жақындағанда бұзыла бастайды. Осының алдын алу үшін ертерек әрекет етіп, тезірек қимылдау керектігін аймақ басшысы алдын ала ескерткен.

Мәселен, базардағы пияздың келісі 80-120 теңге аралығында болса, оны "Байқоңыр" Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы барлық аудандар мен қалада 30 теңгеден сату міндеттелген. Алайда бірде-бір аудан әкімі бұл тапсырманы орындамай отыр. Арнайы өткен жиында аймақ басшысы "Байқоңыр" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысына, қала, аудан әкімдеріне қатаң ескерту жасады.

Есте болса, былтыр тұрақтандыру қорының қоймасындағы 120 тонна көкөніс бұзылып, қоқысқа төгілген еді. Жағдай қайталанбас үшін, облыс әкімі жағдайдың қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

СНХ: СЕРІКБАЙ МЕЙРАМБЕК – ТҰРАҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ

Біз облысты жуамен қамтамасыз ету үшін наурыз айында кәсіпкермен 800 тонна жуаға келісім-шартқа отырғанбыз. Тауар қазан айынан бастап келді. Сақталу рәсімдерін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Бұзылып жатқан жуалар жоқ бізде. Қазір 600 тонна қалдығымыз бар. 300 тоннасын әлеуметтік дүкендер арқылы, үй маңындағы дүкендер мен ірі сауда орындарына өткізіп келдік. Қазір елімізде орын алып жатқан ахуалға байланысты жуаның бағасын 30 теңгеге түсірдік. Сөйтіп аудан әкімдерімен келіссөз жүргізіп, қазір әр аудан кәсіпкерлерімен бірге алып жатыр. Біз оған қарамастан жыл басынан бері жәрмеңкелер ұйымдастырып келеміз. 600 тонна жуаны сәуір айының аяғына дейін өткіземіз деп ойлаймыз.