Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, денсаулық сақтау саласының ардагері Тұрғанбай Маханов 85 жасқа толды. Осыған орай Қызылорда медициналық жоғары колледжінде мерейтой иесімен кездесу өтті.

Сыр медицинасы тарихында Тұрғанбай Маханұлының есімі ерекше аталады. Аймақтың денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан мерейтойы иесімен кездесу риясыз пейіл мен жылы лебіздерге толы болды.

ТҰРҒАНБАЙ МАХАНОВ – ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ

// Жастармен кездесу мен үшін құрмет деп есептеймін. Кітап шығардым «Дәрігер парызы» деген. Бар ойымды сонда айтқанмын. Неге дәрігер болу керек, оның жауапкершілігі қандай, халықпен қалай араласу керек, оның беделі қандай болу керек, көп мәселені көтердім. Қай мамандық болмасын білім керек, білімді болу керек, мәселе сонда. Өзінің мамандығының құлы болу керек. Өз мамандығының құлы болмай, оның құны болмайды\

Алтын қолды дәрігер алғаш еңбек жолын Жалағаш аудандық ауруханасында хирург болып бастаған. Жалпы Сыр медицинасының дамуына жарты ғасырдан астам ғұмырын арнапты. Осы уақыт аралығында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, басшысы, облыстық аурухана, облыстық медицина орталығының бас дәрігері қызметтерін абыройлы атқарған. Аймақ халқының экологиялық ахуалы мен халықтың денсаулығын жақсарту бағытында батыл қозғай отырып, облыстық медицина орталығының салынуына ықпал етіп, талай адамға екінші өмір сыйлаған ақ халатты абзал жан. Ғылымда да қолтаңбасы бар.

ДӘРКҮЛ ҚҰТТЫҚОЖАЕВА – «ОБЛЫСТЫҚ АРХИВ» КММ ФИЛИАЛ БАСШЫСЫ

// Тұрғанбай Маханұлының еңбектері үлкен. Бүкіл Қызылордаға сіңірген еңбегінің арқасында осындай беделді кісі болған. Қызылорда облысының беделді азаматы болғандықтан, қазіргі жастарымызға үлгі, өнеге болу есебінде осы медицина колледжінің студенттеріне кездесуді ұйымдастырып отырмыз.

Қаншама шәкірт тәрбиелеген Тұрғанбай Маханұлы 30-дан астам ғылыми жұмыс пен монографияның авторы. Шара барысында облыстық архив мамандары көшпелі көрме ұйымдастырып, оның еңбектерін көпшілік назарына ұсынды.